Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке шақырылатындар санын арттырады – Дарын Тұяқов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов Президент тапсырмаларын орындау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында егжей-тегжейлі айтып берді.

- Дарын Шылбынұлы, Мемлекет басшысы Жолдауында Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі қорғаныс өнеркәсібі кешені мен Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейтіндігін айтқан болатын. Ал қорғаныс өнеркәсібі Қарулы күштердің қажеттілігін қамтамасыз етуге қаншалықты қауқарлы?

- Тәуелсіздік жылдарының ішінде қорғаныс өнеркәсібі армияға қажетті өнімдер өндірісі мен оның оқшаулануын арттыру бөлігінде нақты жетістіктерге қол жеткізді. Ең алдымен бұл - оқ-дәрі өндірісі, кеме жасау, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарының өндірісі және жөндеу, талшықты-электронды жүйе, сауытты танк техникалары. Дегенмен, Қарулы күштердің қажеттілігі біршама ауқымды және ол қару-жарақтың жаңа түрлерінің шығуына байланысты үнемі кеңейіп келеді. Мәселен, қазіргі уақытта отандық өндірістің зымыран қару-жарақтарын, лазерлік, электромагнитті және мүлдем жаңа физикалық қағидаларға негізделген өзге де қару-жарақ түрлерін игеруіне қатысты мәселе пісіп-жетіліп тұр. Қарулы күштерімізге өнімнің кең ауқымды тізімі қажет. Алайда, бұл атаулардың әрқайсысының шағын ғана қажеттілігі кезінде Қазақстанда өндіру тиімсіз. Елімізде қару-жарақтың ғылыми қамтымды әрі жоғары технологиялық жекелеген түрлерінің, мәселен, ұшақ, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі, жоғары дәлдікті қару-жарақ өндірісі жоқ екендігін ескерсек, онда таяу болашақта оларды импорттау қажеттілігі сақталатындығы түсінікті. Бұған қоса, қару-жарақтың мұндай түрлері мемлекеттік қорғаныс қабілетін нығайтуға зор үлес қосады және оларды сатып алу басымдық саналады.

- Қазақстанның әскери өнеркәсібі қандай бағытта дамытылмақ?

- Отандық қорғаныс өнеркәсібін дамыту мәселесінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне дәл осы саладағы өкілетті мемлекеттік орган ретінде айрықша құзірет жүктелген. Ал Қорғаныс министрлігі өз тарапынан Қазақстанда ғылыми әлеуетті дамыту және өндірістің жаңа түрлерін игеру мақсатында осы жылы ұзақмерзімді келешекте армия қызығушылық танытатын әскери өнімдердің 110 атауын әзірлеп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жіберді.

- Ал Әскери доктринаға қандай өзгертулер енгізілуі мүмкін?

- Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының осы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін Әскери доктринаны қайтадан толығымен қайта қарау мәселесіне қатысты ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып жатыр. Оның құрамына Әскери доктринаны қайта қарауға қатысты ұсыныстар әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың және ғылыми мекемелердің мамандары кіретін болады.

Бүгінде әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі әскери-саяси ахуал қарқыны әскери қауіпсіздікке қатердің өзектене түскенін көрсетіп отыр. Бұл ең алдымен «ауған» факторына байланысты. Арыс пен Сарыкемердегі оқ-дәрі сақтау қоймаларында орын алған соңғы оқиғалар да қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.

Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін мұнан ары қамтамасыз ету «Қарулы күштер үшін барынша маңызды бағыттарға күш-жігерді шоғырландыру» қағидатымен қалыптастырылады. Бұған қоса, сандық емес, сапалық көрсеткіштерге басымдық беріледі. Қазірдің өзінде әсіресе, басқару органдары мен қамтамасыз ету бөлімдерінен артық буындарды алып тастау басталды әрі жалғасатын болады. Кеңес одағынан мұра болып қалған бөлек-бөлек дислокацияланған әскери бөлімдерден әскери тұрғында дамыған елдердің тәжірибесіне сай ірі әскери базаларға біртіндеп көшу жоспарланып отыр. Резервтегі қызметті енгізу де көзделеді. Әскери күштерді ұйымдастыру және дамыту келешегі өзге де бағыттарды қамтиды.

- Қазақстанға сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарсы жедел әрекет ету әрі қорғаныс қауіпсіздігі тұрғысында ҰҚШҰ мен ШЫҰ ұйымдарына қатысуы қаншалықты пайдалы?

- Қазіргі заман жағдайында халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесіне барынша зор маңыз беріледі. Бұл тек Орталық Азия өңірі үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін өзекті міндет саналады. Сыртқы және ішкі сын-қатерлерге әрекет ету тұрғысынан алып қарайтын болсақ, Қазақстанның ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға қатысуы ұжымдық негізде біздің қауіпсіздігімізге, тәуелсіздігімізге, аумақтық тұтастығымызға және егемендігімізге кепілдік береді.

Әскери дайындықты жетілдіру әрі дамыту, сонымен қатар жауынгерлік үйлесімділік тетіктерін пысықтау мақсатында жыл сайын ҰҚШҰ Ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Өзара іс-қимыл», Орталық Азия республикаларының Ұжымдық жедел ден қою күштері бөлімшелерінің «Шеп», материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдарының «Эшелон», лаңкестікке қарсы командалық-штабтық «Бейбіт миссия» оқу-жаттығуы сынды бірлескен іс-шаралар өткізіліп тұрады. Кешенді түрде өткізілетін іс-шаралар барысында қалыптасқан тетіктер Қазақстанның ұлттық, толықтай алғанда өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы форматында жалпы әскери-саяси басымдықтар мен бірлескен антитеррористік дайындық негізіндегі әскери ынтымақтастықты дамытуға назар аударылады. Бұл өңірдің әскери саладағы сенімі мен ашықтығын нығайтуға септігін тигізеді.

- Таяу уақыттың ішінде әскери қызметке шақыру мерзімі ұзартылуы мүмкін бе?

- Әскери қызметке шақыру мерзімін ұзарту мәселесі Қорғаныс министрлігінің күнтәртібінде тұрған жоқ. Бүгінде Қарулы күштер армияны жасақтаудың оңтайлы үйлесімін қалыптастырды: 70 пайызы келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және 30 пайызы мерзімді әскери қызметке шақырылған жауынгерлер. Қазіргі уақытта офицерлік құрам үшін шақырту бойынша әскери қызмет мерзімін өзгерту жоспарланған емес. Ал азаматтардың келісімшарт бойынша әскери қызметке келуі тек қана ерікті сипатта. Бұл нұсқау арқылы келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді жинауды арттыруға мүмкіндік бермейді. Бұған қоса, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерге бұған дейін әскерге шақырумен салыстырғанда ендігі шақырылатындар санын арттыруды жоспарлап отыр. Жыл сайын Қарулы күштер, өзге де әскерлер мен әскери құрамалар сапына 30 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады.

- Қорғаныс министрлігі Ауғанстанның және Орталық Азиядағы көршілеріміздің шекараларындағы жағдайға қандай баға береді? Таяу уақытта 90-шы жылдардың басындағыдай Қазақстан Қарулы күштері тарапынан көмек қажет болып жүрмей ме?

- Осы жылдың 17 қыркүйегінде Душанбе қаласында өткен ШЫҰ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстан болашағын өз ішінде және көршілермен бейбіт өмір сүретін шын мәнінде тәуелсіз әрі біртұтас мемлекет ретінде көретіндігін атап өткен болатын.

Қазақстан Ауғанстан бетпе-бет келіп отырған өзекті гуманитарлық және экономикалық проблемаларды шешуге жан-жақты көмек беруге дайын. Дегенмен, Қазақстан Ауғанстандағы саяси және әскери ахуалға алаңдаушылық танытады. Өйткені, ол бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіреді. Осыны ескере отырып Қазақстан деструктивті идеологияның, есірткінің және бақылаусыз көші-қон ағынының жолын кесу үшін өңірлік серіктестерімен өзара іс-қимылды кеңейтеді. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында орын алуы ықтимал қатерлерге қарсы өзара іс-қимыл күшейтілуде. Шекарадағы ахуал ушыққан жағдайда Тәжікстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырылатын ұжымдық іс-шаралар пысықталды. Осы мақсатта бір айдан кейін тәжік-ауған шекарасына тақау жерде ҰҚШҰ-ның ұжымдық күштерінің «Іздеу-2021», «Эшелон-2021», «Өзара іс-қимыл-2021» және «Кобальт-2021» оқу-жаттығулары өткізіледі. Қазақстан Қарулы күштерінің қандай да бір бөлімшесін ауған шекарасына жіберу туралы сөз қозғалған емес. Тәжікстан тарапынан мұндай өтініш түскен жоқ.

- Қазақстанның әскери қызметшілерінің дайындығы мен қару-жарағы қазіргі заман талаптарына қаншалықты сай?

- Әскери қызметшілеріміздің дайындығы қазіргі заман талаптарына толықтай сай келеді. Соңғы қарулы қақтығыстардан алған тәжірибеге сүйене отырып, әскери қызметшілердің дайындық бағдарламалары мен атыс курстарына тиісті өзгертулер дер уақытында енгізіліп отырады.

- ҚР Қарулы күштерінің басшылық құрамында ұрыс қимылдарынан мол тәжірибесі, оның ішінде Ауғанстандағы соғысқа қатысқан әскери қызметшілер бар ма?

- Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы күштерінің басшылық құрамында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан әскери қызметшілер жоқ. Дегенмен, Қарулы күштердің басшылық құрамында өзге мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан, атап айтқанда, тәжік-ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шартттар мен келісімдерге сәйкес тапсырмалар орындаған, Иракта халықаралық бітімгерлік операцияларға бітімгер ретінде қатысқан, 1990-1992 жылдары Таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан ардагерлер бар.

- Қазақстан Қарулы күштерінде коронавирусқа қатысты ахуал қандай?

- Бүгінде Қарулы күштерде жеке құрамның сапындағы әскери қызметшілер мен азаматтық қызметкерлердің 99,83 пайызы вакцинаның 1-компонетін, ал 98,7 пайызы 2-компонентін алды. Медициналық қарсы көрсетілімі барлар ғана вакцина алған жоқ. Қазіргі уақытта Қарулы күштердегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы көптеген шектеулерді алып тастауға және жауынгерлік дайындықтың жоспарланған іс-шараларын, өте ауқымды оқу-жаттығуларды толық көлемде өткізуге мүмкіндік береді. Әскери қызметшілер қоғамның ажырамас бөлігі. Осыған байланысты әскери қызметшілер арасында да коронавирус инфекциясының жағдайлары тіркеледі. Осы жылдың 5 қазанындағы мәліметтерге сәйкес, елімізде анықталған коронавирус инфекциясы мен COVID-19 белгісі бар өкпе қабынуы жағдайларының 0,52 пайызы Қарулы күштерде тіркелген. Ауырған әскери қызметшілер негізінен амбулаторлық ем алады.

- Сұқбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар