Қорғаныс министрлігі Ақтаудағы өзімен-өзі сөйлесетін сарбазға қатысты түсінік берді
2022 жылғы 19 мамыр 10:10

Қорғаныс министрлігі Ақтаудағы өзімен-өзі сөйлесетін сарбазға қатысты түсінік берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтаудағы әскери бөлімде мерзімді борышын өтеп жүрген сарбаз айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция танытып, өзімен-өзі сөйлескен. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ақтау қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаздың психикасының бұзылуы жайлы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. 2022 жылғы 18 мамырда сағат 12:00-де бөлім басшылығы 25744 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер А. айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция көрсеткенін, өзімен-өзі сөйлесіп жүргенін байқады. Осы туралы сарбаздың ата-анасына айтылды» делінген релизде.

Ведомство мәліметінше, сарбазды медициналық тексеруден өткізу үшін облыстық ауруханаға апарған. Тексеру нәтижесінде (МРТ, мидың КТ) дене жарақаттары мен қауіпті патологиялар анықталған жоқ. 19 мамырда мамандар қайта тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, ҚР ҚМ баспасөз қызметі бұл сарбаздың әскерге күшпен әкелінгені туралы мәліметке қатысты түсінік берді.

«Сарбазды аудандық қорғаныс істері бөліміне мәжбүрлеп әкелді делінген ақпарат нақты емес. 2022 жылғы 4 мамырда әскерге шақырылған А-ға белгіленген тәртіппен шақыру қағазы берілді. 11 мамырда ол шақыру пунктіне келді. Сол жерде оған және оның туысқандарына азаматтың басқа гарнизонға бармай-ақ, Ақтау қаласында қызмет өткеретіні мәлімделген болатын. Бұдан кейін әскерге шақырылушы ретінде А. Қарулы күштердің қатарында қызмет етуге өтініш білдірді. Медициналық тексеруден өткенде денсаулығына ешқандай шағым жасаған жоқ» делінген түсіндірмеде .

Қазір оқиғаға қатысты әскери полиция тексеру жүргізуде.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT