Кореяда коронавирус жұқтырды деген қазақстандық өзі туралы ақпаратқа таңғалды - СІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырды делінген қазақстандықтың жай-күйімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол өзі байланысқа шықты және суретінің таралып жатқанына таңғалып отыр. Ансон қаласында еш уақытта болмаған және ешқандай сараптама тапсырмаған. Дегемен, қазір тест тапсыруға дайын», - деді Айбек Смадияров.

Оның атап өтуінше, Оңтүстік Кореядағы Қазақстан Елшілігі бұл мәселені тұрақты бақылауында ұстап отыр.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдеріне тексерілмеген ақпаратты жариялап, дүрліктірмеуді және үрей тудырмауды сұрайды. Сыртқы саяси ведомствоның ресми түсініктемесін күтуге кеңес береміз», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жылдың 3 наурызында Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілерінің орыс тілді топтарында Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан Республикасының азаматы COVID-19 коронавирусына шалдыққаны расталды деген ақпарат тараған. Кейіннен бірнеше күн бұрын қазақстандық азамат коронавируске шалдыққан адам барған қоғамдық тамақтану орнында болғаны анықталған.

«Біздің Елшілік коронавирус Оңтүстік Корея аумағында анықталған алғашқы күннен бастап жергілікті Ішкі істер министрлігімен және Ауруларды бақылау, алдын алу корей орталығымен тығыз жұмыс істеп келеді. Аталған орталықтың ұсынысы бойынша біздің отандасымыз телефон арқылы күнделікті денсаулығына бақылау жүргізіп, үй карантинінде болуы қажет. Бұл ұсыныс аурудың сыртқы белгілері жоқтығына негізделген және оны емдеуге жатқызудан және коронавирустың болуын тестілеуден бас тартылды», - деген еді Айбек Смадияров.



Соңғы жаңалықтар