Корей түбегін ядролық қарусыздандыру: Сеулде Қазақстан-Корей форумы өтті

None
None
СЕУЛ. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры Сеул қаласында (Корея Республикасы) Корей түбегін ядролық қарусыздандыру мәселелері бойынша Қазақстан-Корея II форумын ұйымдастырды. Бұл туралы ҚазАқпарат аталмыш қордың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Іс-шара 2018 жылғы тамызда жасалған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры мен Korea Foundation арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асырудағы тағы бір қадам болды. Форумға Корея Республикасының мемлекеттік қызметкерлері, Корея Республикасының Сыртқы істер министрі, дипломатиялық корпустың өкілдері, Сеул ұлттық университетінің профессорлары мен ғалымдары, ядролық қарусыздану және ядролық қауіпсіздік саласындағы сарапшылар қатысты», - делінген хабарламада.

Қазақстандық делегация құрамына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының басшылығы, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Стратегиялық зерттеулер институты, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының басшылары кірді.

«Қазақстан мен Оңтүстік Кореяны саяси және экономикалық байланыстар ғана емес, сонымен қатар ядролық қауіпсіздік саласындағы жалпы мәселелер де байланыстырады. Біздің еліміз ядролық мұраның азабын басынан өткерді. Бүгін Тұңғыш Президент қоры Қазақстанның ядролық қарусыздану тәжірибесіне қызығушылық танытқан кореялық сарапшыларға өздерінің қазақстандық әріптестерімен сөйлесе алатындай платформаны жасады», - деді форум барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов.

Өз кезегінде Korea Foundation президенті Ли Гонг Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлемді қалыптастырудағы үлкен рөлін атап өтті.

«Екі қордың жұмысы ядролық қарусыздану мәселесін жан-жақты талқылайтын дәл осындай жоғары сапалы алаңдарды құрудан тұрады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басшылығымен Қазақстан ядролық қауіпсіздікке өлшеусіз үлес қосты. Қазақстандық тәжірибе біз үшін өте маңызды. Менің ойымша, бұл жұмыс форматы жалғасады және форумға басқа елдер қосылады», – деді ол.

Тараптар атап өткендей, мұндай форумдар басқа мемлекеттер мен ұйымдарға бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған прогрессивті идеялар туралы өзіндік хабарлама болып табылады. Яғни жаһандық қауіпсіздік мақсатында үлкен халықаралық диалогқа қосылуға шақыру.

Соңғы жаңалықтар