Көрерменнің шынайы ықыласына бөленген Абылай - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шавкат Мирзияев Қазақстан СІМ басшысын қабылдады - ӨзА

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияев «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық байланыс. Қауіптер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық конференциясына қатысып отырған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қабылдады, деп хабарлады ӨзА ақпарат агенттігі.

Тараптар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік байланысты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Өзбекстан басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауы мен ізгі тілектерін жеткізген.

ӨзА-ның дерегінше, осы кездесуде болашақ жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындық көру, сондай-ақ екі ел арасындағы экономикалық жобалар мен өзара тиімді ынтымақтастық бағдарламаларын ілгерілетуге ерекше назар аударылды.

«Ауғанстандағы жағдайға байланысты аймақтық күн тәртібіндегі мәселелер және тамыз айының басында Түркіменстанда өтетін кезекті Орталық Азия саммитіне дайындық мәселесі де талқыланды», деп түйіндейді өзбекстандық БАҚ.

Қатира Қалиқызы «Еңбек сіңірген ұстаз» атанды - Kaznews

«Баян-Өлгий аймағының Жалпы білім беретін №1 мектептің аға ұстазы Қатира Қалиқызы «Моңғол еліне еңбек сіңірген ұстаз» құрметті атағымен марапатталды» деп хабарлайды Kaznews ақпарат порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Ғұн империясына 2230 жыл, Ұлы Моңғол мемлекетіне 815 жыл, Ұлт азаттық қозғалысына 110 жыл, Моңғол Халық революциясының төңкерісіне 100 жыл, Демократиялық қозғалысқа 32 жыл толуына орай Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүх жарлық шығарып білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы және мәдениет саласында абыройлы қызмет атқарған 5 азаматқа «Моңғол еліне еңбек сіңірген қайраткер» атағын берді.

Қазақстанның бұрынғы бас мүфтиі дүниеден озды - Parstoday

Дінтанушы, шығыстанушы әрі исламтанушы ғалымның қазасы туралы хабар Иранның Parstoday ақпарат агенттігінде де жарияланды.

Осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігінде Қазақстанға қатысты бірнеше ақпарат жарық көрді.

Соның ішінде аталған басылым көзінің арнайы тоқталғаны шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлінің дүниеден өтуі туралы хабар деуге болады.

Ирандық БАҚ Қазақстанның бұрынғы бас мүфтиі бейсенбі күні таңертең 74 жасында дүниеден озғанын айта келіп, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның осы дінтанушы, шығыстанушы әрі исламтанушы ғалымның жанұясы мен достарына көңіл айтқанын тілге тиек еткен.

Айта кету керек, Әбсаттар Дербісәлі 2000 жылы маусымнан 2013 жылы ақпанға дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы және Орта Азия мүфтилері кеңесінің басшысы қызметін атқарды.

Көрерменнің шынайы ықыласына бөленген жас әртіс Абылай – CNR

Қазір Абылай Айдынұлы жұмыс істейтін «Анар пісіп-жетілді» (веб-драма) командасы қызметін 2016 жылы қаңтарда бастаған.

«Анар пісіп-жетілді» - бұл тұрақты актерлер, қызықты көріністер мен интернеттегі әзіл мәдениетін бейнелейтін шағын сюжеттік мини-сериялар. Аталған шығармашық топ қазірге дейін өз ортасында көптеген көрермен жинап үлгерді. Комедиялық веб-драма командасы - дәл өздеріне қойылған «Анар» өсімдігі сияқты мықты, жарасымды ұжым. Олардың ең басты тағы бір ерекшелігі - шығармашылық ұйымның мүшелері әр ұлттан құралған» деп хабарлайды kazakcnr.com .

Қытайлық басылым бұл жолы бір жылдан бері аталған ұжымға жаңадан әртіс болып қосылған, көрерменнің ерекше ықыласына бөленген қандасымыз Абылай Айдынұлын арнайы таныстыруды жөн көрген.

Абылай Айдынұлы 1995 жылы маусым айында Алтайдың Қаба ауданында туған. Баскетболға қатты қызығатын ол 9 сыныпты бітіргеннен кейін Үрімші қалалық баскетбол командасына спортшы болып қабылданады. Соңында спорттағы жоғары нәтижесімен Шыңжаң педагогика университетіне оқуға түседі.

2019 жылы Абылай «Жиншан» деген лақап атпен қысқаша видеолар түсіріп, әлеуметтік желілерге сала бастайды. Оның осындай қызықты бейнероликтері тез арада көп қаралым жинап, «Жиншанның» танымалдығы арта түскен.

Соңынан «Анар пісіп-жетілді» командасының бас директоры оның талантына тәнті болып, Абылайды аталған командаға қосылуға шақырады.

«Абылайдың бүгінгі нәтижесі оңай-оспақ қолға келген жоқ. «Ердің атын еңбек шығарар» дегендей «Анар пісіп-жетілдіге» алғаш қосылған кезінен-ақ, Абылай өзінің басқа әріптестерінен көбірек еңбек ету керектігін біліп, алғашқы күндері 40 неше күн үйіне қайтпай, жұмыс орнында қалып, сценарий жазумен айналысты. Сондай-ақ, өз рөлін сомдау жағында машықтанды» деп жазады CNR.

Бұрын мықты спортшы, қазір ел ішінде талантты әртіс атанып үлгерген Абылай қиындықтан қорықпайтын, мойымаған адам ғана қашанда жеңіс тұғырында болатынын айтады.

«Мен үнемі өзгелердің назарындағы қиын, бұралаң деп саналатын жолдарды таңдаймын. Өйткені қиыншылыққа дөп келген сайын жігерім тасқындай түседі. Қиыншылыққа мойынсал болмаған адам әрқандай жерде алтындай жарқырап, өз құнын сақтай алады», - дейді Абылай Айдынұлы.

Түркия Қазақстанға 96 млн доллар инвестиция жасады - TRT

Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшілігі Қазақстан Ұлттық банкінің Түркиядан Қазақстанға жасалған инвестицияға байланысты 2021 жылғы алғашқы ширектегі мәліметтерді жариялады.

Мәліметтерге қарағанда 2021 жылдың алғашқы ширегінде Түркиядан Қазақстанға 96.1 миллион долларлық тікелей инвестиция жасалған.

Бұл туралы осы аптада Түркия радио телевизия порталы хабарлаған болатын.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, осы мәлімет 2020 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 139 пайыз артқан. Бұл - 2005 жылғы алғашқы ширектен бергі ең жоғарғы инвестиция ретінде тіркелген.

«Сонымен бірге 2005-2020 жылдары арасындағы 1-ші ширекте Түркиядан Қазақстанға орташа 39.7 миллион долларлық тікелей инвестиция жасалған. 2021 жылғы ұқсас мезгілдегі инвестиция аталмыш оршадан 142 пайыз жоғары болды» деп жазды Түркия радио телевизия порталы.


Соңғы жаңалықтар