Қордайлық кәсіпкерлер аз қамтылған 5 отбасына асарлатып үй салып берді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – «Асарлатып үй салуы» жобасы аясында Жамбыл облысының Қордай ауданында 5 пәтерлік коттедж типті үй салынды. Жаңа үйдің кілті қоныстанушыларға Жаңа жыл қарсаңында табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа қоныстой иелеріне тұрмыстық техникалар сыйлады.

«Қордай ауданы тұрғындарының мерекелік көңіл-күйіне қарай күн де бізді шуағын шашып әрі жылы раймен қарсы алып отыр. Осындай қуанышты күндер көбейе берсін! Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге атсалысқан кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін», - деді облыс әкімі.

Көпбалалы ана Олеся Дворцова мұндай үлкен үйге ие болам деп ойламаған.

«Мен тағы бірнеше жыл баспана кезегінде тұрамын деп ойладым. Тіпті сенбедім. Міне, ойламаған жерден жыл соңында менің өмірімде үлкен жаңалық болып отыр. Осы игі іске үлес қосқан барлық жанашыр адамдарға алғысымды қалай айтарымды да білмеймін», - дейді ол.

«Алтын алқа» иегері Раушан Қожамқұлова да қуаныштан көз жасына ерік берді.

Ол биылғы жаз айында ғана облыс әкіміне жүгініп, баспана мәселесін шешіп беруді сұраған.

«Облыстық әкімшілік менің өтінішімді тыңдады және ескерусіз қалдырмады. Бұл күн менің отбасым үшін ең маңызды сәт болып, есте қалады», - дейді ол.

Осылайша, қоныс иелері жаңа үйге жайғасып, жергілікті кәсіпкерлер оларға жиһаз сыйлады.


Соңғы жаңалықтар