Көптеген ұлт өкілдері халқымыздың мейіріміне бөленді - Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Қазақстан этностары: еліміздің дамуына қосқан үлестері. Біз біргеміз» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ бірлесіп ұйымдастырды.

«Бүгінгі іс-шараның осы тақырыпқа арналуы кездейсоқ емес. Өздеріңізге белгілі, сын сағаттарда қазақ жеріне келген көптеген ұлт өкілдері біздің халқымыздың қамқорлығы мен мейіріміне бөленді. Өз кезегінде, олар да еліміздің әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты, әлі де қосып келе жатыр. Жасыратыны жоқ, егемендік алған соң кейбір посткеңестік елдер дұрыс этносаралық саясат жүргізбеуі салдарынан сапалы мамандарын жоғалтып, даму қарқыны ондаған жылдарға шегерілді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көреген этносаралық саясат жүргізді, әлемде теңдесі жоқ орган – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Осылайша, біздер – әр алуандығымызды артықшылығымызға айналдырдық», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Осы орайда министр бүгінгі Қазақстанның даму бағыты, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты да осы қол жеткізілген жетістіктерді сақтауға, одан әрі дамытуға негізделгенін атап өтті

Конференция қатысушылары «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» қағидаты бойынша біріктіру факторларын іздестіру, тарихи сананы қалыптастыру арқылы ұлттың бірегей кодын сақтау мәселесін талқылады.

Іс-шара аясында «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының жалпы тарихи-мәдени мұрасына қосқан үлесін зерделеу» атты зерттеу жұмысының нәтижелері ел дамуына елеулі үлес қосқан 50 көрнекті тұлғадан тұратын бірегей мәліметтер базасы түрінде ұсынылады. Олардың арасында композитор, профессор Брусиловский Евгений Григорьевич, аңызға айналған фольклорист, этнограф, композитор Затаевич Александр Викторович те бар.

Айта кету керек, ХХ ғасырдың басы мен ортасының мәдениет және қоғам қайраткерлерімен қатар, еңбекте Герольд Бельгер, Нина Патрушева, Анатолий Храпатый, Денис Тен және басқа да қазіргі Қазақстанның дамуына үлес қосқан қазақстандықтардың еңбегі атап өтілді.

Соңғы жаңалықтар