Көп спортшы допингті әдейі емес, білмегендіктен қабылдауы мүмкін – комитет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда допинг дауына ұшырап жататын спортшылардың дені оны білмей қабылдауы мүмкін. Бұл пікірді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова алға тартып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде спорт саласында допингке мүлдем төзбеушілік саясаты жүретінін еске салғым келеді. 2019 жылы біз допингпен күресу мақсатында арнайы заң қабылдап, жауапкершілік қатаңдады. Аталған заңда 2 норматив бар. Бірінші, ол спортшының допинг ережесін бұзу нормативі, екінші - допинг анықталған жағдайда спортшының жарыста көрсеткен нәтижесі мен жетістігін жоққа шығару»,- деді Айгүл Бектенова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, жарыста жеңіске жеткен спортшыдан допинг қолданғаны анықталса, ол берілген сый-сыяпат пен атақ-дәрежені кері қайтарады.

«Жеңіске жеткен спортшыға медальдан бөлек, чемпиондық титул, қаржылай және мүліктей сыйақы беріледі. Егер кейін спортшы допинг дауына ұшырап, ол дәлелденсе, жоғары аталған сый-құрметті кері қайтаруға міндетті. Осылайша, біз допинг дауының алдын алып отырмыз. Сонымен қатар, елімізде допингке қарсы ұлттық орталық жұмыс істейді. Ол жерде спортшыларды допингке қарсы тестілеуден өткізіп қана қоймай, споршылар мен жаттықтырушылар арасында оның алдын алуға қатысты арнайы дәріс, семинарлар өткізіледі. Себебі көптеген спортшы допингті әдейі емес, білмегендіктен қабылдауы мүмкін. Өйткені, кейбір тыйым салынбаған препараттар құрамында допингтің элементі болуы ықтимал», - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін комитет басшысы ел өңірлерінде спорт құрамаларының дайындығы бей-берекет жүріп жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар