Конфуций институты - достық көпірі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді тұрақты дамуын - XI ғасырдағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының ынтымақтастығының стратегиясы және екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың дамуының тұжырымдамасы секілді құжаттар қатары қамтамасыз етеді. «Нұрлы жол» мен «Бір белдеу, бір жол» қос бағдарламаның өзара әрекеттесуімен, бірлесуімен Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әлеует артып, біздің мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы кең көлемдегі мәселелерді қамти отырып, білім мен ғылым осындай қарым-қатынастың маңызды бөлігін құрайды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан мен Қытайдың білім беру, ғылыми және мәдени серіктестігінің сенімді әріптесі болды және бола бермек. ҚазҰУ - әлемнің 136 мемлекетінің 136 университеті кіретін Жаңа Жібек жолы Альянсы университеттер үйлестіру комитетінің мүшесі.

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдегі 400-ден астам жоғары оқу орындарымен соның ішінде Қытай Халық Республикасының 30-дан астам университетімен ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды, қытайлық ғалымдармен бірлескен жобалар жүргізеді. 

ҚХР университеттері «Бір белдеу-бір жол» жобасына ерекше қызығушылық танытып отыр. Аталмыш бағдарламаны екі ел көшбасшылары егжей-тегжейлі талқылаған болатын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Конфуций институты - қытай тілін оқыту және қытай мәдениеті орталығы. Ланьчжоу университетімен бірлесіп 2003 жылдан бастап Конфуций институтының негізі Қытай тілі орталығы болып қаланды. 2007 жылы ресми түрде Конфуций институты болып өзгертілді.

Конфуций институтының басты мақсаты - Қазақстан мен Қытай арасындағы білім-ғылым бағытындағы ынтымақтастықты дамыту, қытай тілін үйрету. Сондай-ақ, қытай мәдениеті мен әлеуметтік өмірі, экономикасы туралы ақпараттар беру және екі елдің достық қарым-қатынасын нығайту.
Конфуций институты - мемлекеттер арасындағы сонымен қатар, біздің университеттеріміздің ғылыми және білім беру саласындағы үлкен көпір.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Конфуций институтының ашылғанына 10 жыл толып, кең көлемде атап өтілді. Конфуций институтының екі ел арасындағы білім беру және мәдени қарым-қатынасына қосқан үлесі және жетістіктері орасан зор. Осы уақыт аралығында мұнда мыңнан астам адам тіл үйренді. Қазіргі таңда қытай тілін үйреніп, мәдениетімен, тарихымен танысуға қызығушылық танытып отырған тіл үйренушілердің арасында ЖОО студенттері, оқушылар мен қала тұрғындары да бар.  Бұл біздің ұлы көршімізге жас буынның қызығушылық дәрежесінің жоғары екендігін білдіреді.

Жылда тілді үйренуге 200-ден астам адам тілек білдіріп отырады. Қытай тілінің курстары бастауыш, орта және жоғары деңгей бойынша өткізіледі. Курс аптасына екі сағаттан үш рет өткізіледі. Әр деңгейдің ұзақтығы үш айды қамтиды. Курсты сәтті аяқтаған тыңдаушыларға сертификат беріледі. 

Бұдан басқа тіл үйренушілерге каллиграфия, сурет салу, қағаздан ою-өрнек қию, қытай ұлттық билері, музыкасы бойынша қосымша дәріс беріледі. Қытай мәдениетінен тақырыптық көрмелер, кино көрсетілімдер ұйымдастырылып, шай дәстүрі мәдениеті таныстырылады. Дәрістерді Қытайдағы Конфуций институттарының Бас Басқармасы Қытай тілі Кеңсесінің (Ханьбань) тарапынан жіберілген білікті мамандар жүргізеді.

Тыңдаушылардың тілдік деңгейін анықтау үшін жылына екі рет емтихан өткізіледі. HSK емтиханы жазбаша және ауызша қабылданады. Қытай тілінің деңгейін анықтау емтиханын тапсырғандарға Қытай тілі Кеңсесінің (Ханьбань) келісімімен куәлік беріледі. Бұдан басқа тыңдаушылардың қытай тілін үйренуге деген ынтасын арттыру үшін жазғы тілдік лагерлер мен байқаулар да өткізіледі.

Ең ауқымды шара - халықаралық "Қытай тілі көпірі" байқауы. Бұл байқау жыл сайын Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулдығының қолдауымен Конфуций институтында өтіп отырады. Мұнда тыңдаушылар тек тілдік білімін ғана емес, өз өнерлерін де көрсетеді. Осы байқауда жеңген жеңімпаз Астанадағы ҚХР Елшілігі жыл сайын өткізетін республикалық сайысқа қатысуға жіберіледі. Астанадан бас жүлдесін иеленген қатысушы "Қытай тілі көпірі" байқауының халықаралық кезеңіне Қытай еліне жолдама алады. Қытай еліндегі халықаралық байқауға қатысушының барлығы да өз елінде арнайы дайындықтан өтіп, үздік шыққан жеңімпаздар.

Мәдени-танымдық шаралардың қатарында тілдік біліктілікті көтеруге бағытталған қытай еліндегі жаздық тілдік лагерь де бар. Тілтанымдық бағдарламаға Конфуций институтының талапқа сай, үздік тыңдаушылары ғана қатыса алады. Тыңдаушылар екі апталық қысқа мерзімді саяхат кезінде Қытай елінің көрікті жерлерімен, мәдениетімен танысып, қытай тілінде білімдерін жетілдіреді. Қытайдың бейнелеу өнерін, каллиграфиясын, халық музыкасы мен у-шу қимылдарын үйренеді. Қытай тағамдарын жасап, олардың дәмін көреді.

Жыл сайын қытай тілін үздік оқыған бакалавр, магистратура студенттеріне жарты және біржылдық бағдарлама бойынша гранттар бөлінеді.

Конфуций институтының материалдық-техникалық базасында тыңдаушыларға тілді үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа заманауи үлгідегі компьютерлік техника, аудио-бейнеқұралдармен жабдықталған оқу дәрісханалары, лингафондық кабинет пен он мыңнан астам оқулық, кітап-журналдар қоры бар.

Алматыдағы ҚХР Бас Консулдығының қолдауымен Қытай тарихы мен мәдениетін тануға бағытталған көрмелер, түрлі ғылыми, мәдени-танымдық шаралар, семинарлар мен конференциялар да жиі ұйымдастырылады. Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарымен, әлемдегі Конфуций институттарымен және жергілікті мекемелермен де тұрақты байланыс орнаған.

Сонымен қатар, қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Конфуций институты 10 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Бұл да екі ел арасындағы білім мен ғылым және мәдени ынтымақтастықтың одан ары нығая түсуінің көпірі. Бұл Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жан-жақты дамуының жоғары көрінісі.

  

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

 жанындағы Конфуций институтының

директоры, ф.ғ.к. Р.Ө. Асильбеков 

Соңғы жаңалықтар