Коммунистер елдегі жастар саясатын қайта қарауға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан коммунистік халық партиясы Орталық комитетінің хатшысы, ҚР Парламентіндегі аталмыш партия фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров елдегі жастар саясатын қайта қарауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ұсынысты ол депутаттық сауал ретінде Үкімет басшысына жолдады.

«Біздің қоғамның алдында тұрған ең өткір мәселелердің бірі - жастардың болашағы. Әлемдегі эпидемиологиялық ахуал жаңа реалиді қалыптастыруда, сондықтан жастар саясатына деген көзқарастарды жедел қалпына келтіру керек. «Халықтық коммунистер» фракциясы жастардың барлық тобы дағдарысқа ұшырағанын атап өтеді. Жас жұмысшылар ең көп зардап шекті, өйткені олардың көпшілігі сауда, қызмет көрсету және бейресми секторларда жұмыс істеп келген еді. Қалаларына, облыс орталықтарына, ауылдарға оралуға мәжбүр болған студенттер аз да болсын жұмысынан айырылды», - деді депутаттық сауалында Айқын Қоңыров.

Ол келтірген мәліметтерге сәйкес, NEET санатындағы, яғни жұмыс істемейтін және оқымайтын жастардың үлесі 7,6% -ға дейін өскен, бұл көрсеткіш өсе береді. Кейбір аймақтарда жағдай әлдеқайда күрделі. Мәселен Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 12%-дан, Алматы облысында - 9,6%, Шығыс Қазақстан облысында - 8,6%-дан асады.

«Үкіметтің мәліметі бойынша биыл жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің аймақтардың көпшілігінде жұмыспен қамту деңгейі 50% -дан сәл асқан. Парадокс мынада: денсаулық сақтау саласындағы кадрлардың жетіспеушілігіне қарамастан, жұмыспен қамтылудың ең төменгі деңгейі «медицина» бағыты бойынша 48%-ды ғана құрайды. Колледж түлектері арасында жұмысқа орналасу 60%-дан сәл асады. Ал «медицина және фармацевтика» бағыты бойынша - тек 51%. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 478 мың адамның 133 мыңы жоғары немесе толық емес жоғары білімді, тағы 209 мыңы орта кәсіптік білімге ие. Пандемияға байланысты жоғары оқу орындарының 700 мыңға жуық студенті мен колледждердің 500 мың студенті қашықтықтан оқуға ауыстырылды. Бұл білім сапасының айтарлықтай төмендеуіне алып келеді. Білім саласындағы алшақтық артып келеді. Білім беру мекемелерінің тек бір бөлігі ғана жаңа жағдайда білім сапасын арттыруға мүмкіндік беретін тәсілдерді қолданып отыр», - деді ол.

Осы мәселеге байланысты коммунистер жастардың табысын арттырып, оларды жұмыспен қамту мәселесін қайта қарауға шақырды.

«Жастардың өз күшімен тұрғын үй кешендерінің құрылысын жандандыратын әлеуметтік жобаларды қолға алу керек. Ең бастысы, жастар саясатын қайта қарау туралы шаралар жоғарыдан келмеуі тиіс. Жастардың өздері белсенді болуы керек. Сол себепті тиісті ұсыныстар мен жобалардың жалпыұлттық жинағын іске қосу керек. Бұл жаңа ұрпаққа өз болашағын модельдеудің шығармашылық процесіне қатысуға және жастардың нақты қажеттіліктеріне негізделген тиімді жастар саясатын жасауға мүмкіндік береді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар