Коллекторлардың заңсыз әрекетіне жол бермеуге қатысты талаптар күшейтіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 34 Жарлығына және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Заң жобасының мақсаты – бұл қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту.

Депутаттардың түзетулері:

- кредит беру тәуекелдерінің өсуіне және азаматтардың борыштық жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермеу;

- дауларды реттеу, борышкерлердің құқықтарын күшейту тетігін жетілдіру;

- коллекторлардың жосықсыз әрекеттерінің жолын кесуге, сондай-ақ борышкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Кредит беруде тәуекелдердің өсуіне және азаматтардың кредиттер (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес) бойынша борыштық жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін түзетулерде:

- банктер мен микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) капиталдандырылған мерзімі өткен сыйақыға (тұрақсыздық айыбына, айыппұлдарға, өсімпұлдарға, комиссияларға) сыйақыны есепке жазуға тыйым салу;

- микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшерін шектеу, сондай-ақ ипотекалық қарыздардың барлық түрлері бойынша мерзімі өткен 180 күннен кейін сыйақылар мен комиссияларды есепке жазуға тыйым салу;

- қаржы ұйымдарының жарнамасына мониторингті жүзеге асыру көзделіп отыр.

Микрокредит беру саласындағы тәуекелдерді шектеу, алаяқтық әрекеттерге жол бермеу және сыйақының шекті мөлшерлемеден асып кетуін шектеу үшін:

- банктер мен МҚҰ-ның кредиттік бюроға номиналды мөлшерлемелер және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) туралы ақпарат беру, сондай-ақ мемлекеттік кредиттік бюроның қадағалау мақсаттары үшін осы мәліметтерді реттеушіге беру міндеті;

- МҚҰ-ның жарнаманы тарату және орналастыру кезінде ЖТСМ-ді көрсету;

- МҚҰ-ның Агенттік пен қаржы мониторингі жөніндегі органды микроқаржы ұйымы ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы хабардар ету міндеті енгізіліп отыр.

Заң жобасы коллекторлық агенттіктердің қалыптастырылған жарғылық капиталының ең төмен мөлшеріне қойылатын талаптарды белгілейді. Коллекторлық агенттіктің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін болады.

Коллекторлық ұйымдардың жосықсыз әрекеттеріне жол бермеу үшін:

- коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен өзара іс-қимыл жасауға тыйым салу;

- борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау процесін бейне-аудио тіркеу міндетін белгілеу;

- коллектордың үшінші тұлғалармен өзара іс-қимылын жасауын шектеу ұсынылып отыр.

Айта кетейік, 2020 жылы желтоқсанда Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанда микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді.


Соңғы жаңалықтар