Колледждер сұранысы жоқ мамандар даярлайды – Үкімет басшысы

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелерінен құралған жұмыс тобы шымкенттіктерге ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұстаздармен кездесу барысында мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жаңарту және басқа да өзекті мәселелер көтерілді. Үкімет басшысының орынбасары мемлекет тарапынан әлеуметтік салаларға қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Біз білімді ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Елбасымыз және Мемлекет басшысы бұл мәселені ерекше назарда ұстауда. Бүгінде »Мұғалімнің мәртебесі« жөніндегі заң жобасы Парламентте қаралуда. Педагогтардың құқықтары қорғалатын болады»,- деді вице-премьер.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев өскелең ұрпақтың руханиятына да аса көңіл бөлу қажеттігін айтты.

«Неге жастар арасында құқықбұзушылық пен суицид саны өсуде? Өйткені балалар мектептен кейін немен айналысатынын білмейді. Ата-аналар жұмыс істеп жатқанда, бала өз білгенімен жүреді. Жастардың қолы бос болмауы керек. Олар спортпен, өнермен айналысуы тиіс. Өнегелі ұрпақ дегеніміз міне, осы. Бізде жеткілікті әлеуметтік нысандар салынды, олардың барынша жүктелуін қамтамасыз ету керек. Соның ішінде кешкі және демалыс күндері жұмыс істейтін үйірмелер ашу қажет. Біз тиісті жұмыстарды жүзеге асырсақ, сол кезде ғана біздің балаларымыз тәрбиелі және дені сау болады, құқықбұзушылық жасамайды», - деп атап өтті Сапарбаев.

Вице-премьер жиында колледждердің жұмысын да сынға алды.

«Жыл сайын колледждер мыңдаған мамандар даярлап шығарады. Ал, олар жұмыссыздардың қатарын толықтырып жүр. Себебі, колледж басшылығы кімдерді оқытып жатқанын немесе қалай оқытып жатқанын қадағаламайды. Бірнеше жыл бұрын тәжірибе ретінде әрбір оқу бітірушінің жұмысқа орналасқанын зейнетақы аударымдары туралы анықтамамен тіркеуге алынсын деген бастаманы енгізген едік. Алайда, бұл жерде де қулықтар табылды. Оқу бітіруші бір-екі ай ғана жұмыс істеп, анықтама қағазын өткізеді, болды. Өйткені колледждер сұраныста жоқ мамандықтар даярлайды, ондағы білім сапасы да төмен. Сондықтан бізде кадрлар тапшылығы туындайды», - деді Бердібек Сапарбаев.

Одан бөлек, вице-премьер Шымкент қалалық әкімдігінде әлеуметтік-еңбек саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жиналыс өткізді.

Еске салайық, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелерінен құралған жұмыс тобы Шымкентке сапармен келген болатын. Топ құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт вице-министрі Үркен Бисақаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есиндер бар. Сапардың негізгі мақсаты - ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру.

Соңғы жаңалықтар