Көліксіз өмір: Испанияда көлікке тыйым салған қала бар - The Guardian

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Испанияның Понтеведра қаласында қаланың үйреншікті шуын құстар мен тұрғындар дауысы алмастырған. Ұлыбританияның The Guardian басылымының тілшісі Стивен Берген қаланың қалай көліктен бас тартқаны, бұл шешімді қала мэрі қалай қабылдап, жергілікті тұрғындардың қалай қолдағаны туралы көлемді мақала жариялады.

«Жол қозғалысы жоғалғалы бұл қалада көлік қозғалтқышы мен мотоциклдің дауысын естімейсіз. Оның орнына қала көшелеріне шықсаңыз, құстар мен адамдар дауысын, тіпті, тұрғындардың кофеге қант салып, араластырып жатқанын да анық естисіз. Қалада мұғалімдер «Оқушыларымның біреуі көлік астына түсіп қалмасын» деген қорқыныш сезімінсіз балаларды жетектеп жүреді» деп жазады автор.  Оның айтуынша, қала мэрі ауысқанға дейін қаланың бір көшесінен күн сайын 14 мың көлік өтетін және көшеде тұрғындардан гөрі көліктер көп болатын.

«Қала мэрі Анзо Фернандес Лорес 1999 жылдан бері осы қызметте отыр. Оның философиясы қарапайым - автокөліктің иесі болу қоғамдық орындарды босатпауға құқық бермейді. «Автокөліктердің кесірінен балалар мен қарттардың көшеде еркін жүре алмағаны дұрыс па?» дейді қалалық инфрақұрылым департаментінің басшысы Цезарь Москера».

Мақалада қала мэрі бола сала Лорес қаланың тарихи орталығында 300 мың шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолын салады. «Біз қаланың қоғамдық орындарын тұрғындарға босатып беру үшін автокөліктерден бас тартамыз деп шештік»,- депті сонда мэр. Осылайша қаладан өтетін көліктер қозғалысы шектеліп, көшедегі көлік қоятын орындарға тыйым салыныпты. Біртіндеп қала орталығындағы көлік қоятын орындардың көбі жабылып, кейбірі жер астына көшірілген.

Сонымен қатар, бағдаршамдар да алынып тасталған және қала маңындағы жылдамдық сағатына 30 километр болатындай шектелген.

«Бұл шешімнің көптеген артықшылықтары болды. 1996 - 2006 жылдар аралығында жол апатынан 30 адам қаза тапқан көшеде алдағы он жылда үш адам қайтыс болса, 2009 жылдан бері мұндай жағдай мүлдем тіркелмеген. Сондай-ақ, ауаға шығарылатын CO2 қалдығы 70% азайды. Бұрын көлікпен жүрген қозғалыстың төрттен үшін қазір тұрғындар жаяу немесе велосипедпен жүзеге асырады. Басқа қалаларда тұрғындар кетіп жатса, орталық Понтеведраның тұрғындары саны 12 мың адамға артқан. Испанияның басқа жерлеріндегі экономикалық дағдарысқа қарамастан, бұл жерде ірі сауда орталықтарын салынып, шағын  бизнес өркендей түскен», деп жазылған мақалада. Мәліметке қарағанда, қазір бұл қаланың 80 мыңнан астам тұрғыны бар.

 «Адамдар өздері қалаған жерде көлікпен жүре алмайтынын естігенде, басында көпшілігі жақтыра қоймады. Дегенмен, мэрдің айтуынша, орталықта шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлардың тойына және адам жерлеу рәсімінде көлікпен жүруге рұқсат етіледі, бірақ қалған адамдар жаяу жүрулері керек. Басты проблема - қала шетінде көлік қоятын орындар жетпей жатыр», - депті қала мэрі Лорес.

Мақалада жерілікті архитектор Роджелио Карбалло Солер Понтеведраны автокөліксіз зона салуға арналған керемет орын екенін айтқан.  Оның сөзіне қарағанда, қаланы 25 минуттың ішінде жаяу аралап шығуға болады. «Өмір сүрудің мұндай үлгісін сынаушылар да баршылық, дегенмен, біз одан бас тартпаймыз»,- дейді ол. 

Соңғы жаңалықтар