Көлік сатқан адамның шотына ақша аударылғанда автомобиль иесі автоматты түрде өзгереді - Бағдат Мусин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ендігі уақытта елімізде көлік сатқан адамның шотына ақша аударылғанда автомбиль иесі автоматты түрде өзгереді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еgov-та 600-ге жуық қызмет бар. Сервистер санының көптігіне байланысты әр қызметті адамдардың ойынан шығатындай қылып ыңғайлы жасау өте қиын мәселе. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, онлайн қызметтерді басқа да танымал тұғырнамаларға шығару қажет деп шештік. Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелу Каспий.кз, Халық банк, Альфа банк және Сбербанк қосымшаларында да қолжетімді. Басқа да кең таралған қызметтерді осылай шығару жоспарлануда», - деді министр.

Сонымен қатар, ол халық көп талап етілетін қызметтерді оңтайландыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

«Мысалы, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жыл сайын 3 млн-нан астам халық жүгінеді. Үлкен кезек болып жатады. Азаматтар автокөліктерді тіркеу қызметі онлайн болса да ХҚКО-ға тікелей келіп, бірнеше сағат уақытын жұмсайды. Осы мәселені талқыладық. Жаңа процесс бойынша сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл бүгін осы ыңғайлы сервисті ілкі режимде Каспий.кз мобильдік қосымшасына шығардық», - деді ол.

Министр кредитке алынған көліктерді тіркеу бойынша Халық және Сбербанктермен жұмыс істеп жатқандықтарын атап өтті.

«Осылайша, Мамандандырылған ХҚКО-ларда тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалады. Өйткені, автодромда емтихан тапсыру қажет. Бірақ, қазіргі уақытта автодромдар ШҚО мен Түркістан облыстарында жоқ», - деді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар