Көлік полициясында спорт шеберлері мен әлем чемпиондары қызмет етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің құрылымында дене шынықтыру дайындығы – кәсіби даярлықтың маңызды және ажырамас бөлігі саналатын көптеген мамандық өкілдері өздерінің жедел-қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруда. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Қызметкерлерді күресудің жауынгерлік тәсілдеріне, атыс және дене шынықтыру дайындығы бойынша сабақтарға оқытуды Департаменттің Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы жүргізеді.

«Жаттығулар кезінде күнделікті қызметке қажетті, күрес пен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдану, экстремалды жағдайларда жеке қауіпсіздік дағдыларын, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу кезінде арнайы құралдар мен табельдік қаруды қолдану тәсілдері пысықталады», -жейді Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Талғат Қожабаев.

Көлік полицейлері халықаралық және республикалық деңгейде өтетеін жарыстарға ұдайы қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Бүгінгі күні қызметкерлерінің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, күш құрылымдары арасындағы Әлем чемпиондары, «Қазақ күресі», самбо және дзюдо бойынша бірнеше дүркін чемпиондары қызмет етуде.


Мәселен, полиция подполковнигі Талғат Қожабаев халықаралық дәрежедегі спорт шебері, күш құрылымдары арасындағы үш дүркін әлем чемпионы, қазақ күресінен, самбодан және дзюдодан бірнеше дүркін Әлем чемпионы. Ол АҚШ-та әлемнің 67 елінің полиция қызметкерлері арасындағы Дүниежүзілік ойындарда ІІ-орынды иеленген.

Полиция аға лейтенанты Жігер Сәкенұлы – самбодан үш дүркін әлем чемпионы, «Қазақ күресі», дзюдо және самбодан спорт шебері.

Полиция аға сержанты Айдос Абдолұлы самбодан Еуразия чемпионы, Қазақстан Республикасы Чемпионатының күміс жүлдегері.


Қызметкерлердің спорттық шеберлігінің деңгейін арттыру, салауатты өмір салты мен спортты насихаттау үшін Департаменттің жеке құрамы арасында спорттың әр түрі («Қазақ күресі», самбо, мини-футбол, волейбол және т.б.) бойынша спорттық іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған.

Мәселен, жыл сайын ішкі істер органдары мен Нұр-Сұлтан гарнизоны Ұлттық Ұланының әскери қызметшілері арасында Департамент бастығының кубогына «қазақ күресі» бойынша жарыстар өткізіледі. Бұл додаларда да Департаменттің құрама командасы үнемі жеңістің биік тұғырынан көрінуде.

«Спортшыларымыздың жетістіктерін қоғамдағы полиция қызметінің абыройы мен беделін арттыруға қосқан сүбелі үлесі деп санаймыз», - дейді сақшылар.




Соңғы жаңалықтар