«Көкжайлау» кешені: Салынып қойған құрылыстар қайта бұзыла ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көкжайлауға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін қайтаруды қарай отырып, Мәжіліс депутаттары онда тұрғызылған электроподстанцияның не болатынына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкжайлауға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі қайтарылғаннан кейін ол жерде тұрғызылған нысан не болады», - деп сұрады Мәжілістің жалпы отырысында депутат Иван Клименко.

Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де пікірін білдірді.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі қайтарылғаннан кейін ол жердегі бұрын салынып қойған құрылыстың не болатыны туралы мәселе көтеріліп жатыр. Заң жобасы ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін нақты айқындайтыны белгілі – яғни ол жерде азаматтық та, өнеркәсіптік те мақсатта құрылыс жүргізілмеуі керек», - деді ол.

Қойылған сұраққа Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді.

«Жер аумағын қайтармас бұрын салынған құрылыс бойынша комиссия ұйымдастырылған еді. Ол подстанция бойынша шешім қабылданды. Подстанцияға демонтаж жүргізіліп, қала қарауына беріледі. Бұл нысан Көкжайлау тау-шаңғылы кешені аясында кәдеге жарауы керек болатын. Сол себепті жоба іске аспайтын болғандықтан оның ендігі кезекте қажеті жоқ», - деді Ерлан Нысанбаев. Айта кетейік, Парламент Мәжілісінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелеріне қатысты заң жобасы талқыланған болатын.

Әйтсе де вице-министрдің бұл жауабы Мәжіліс Төрағасын қанағаттандырмаған секілді.

«Міне, белгілі бір қысқа уақытқа бердіңіздер де, енді былай деп отырсыздар. Бірінші кезекте подстанцияны тұрғыздыңыздар. Ақша далаға кетті. Ал қаражаттың бәрі бюджеттен шығып жатыр», - деді Нұрлан Нығматулин.


Соңғы жаңалықтар