Көктемгі су тасқыны: Елорда аумағына ұшақпен шолу жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін су тасқыны жағдайына мониторинг жасау мақсатында елорданың шекара маңындағы аумақтарын ұшақпен шолу жүргізілді. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

28 наурыз күні ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, Төтенше жағдайлар комитеті, ЭГТПМ Су ресурстары комитеті, «Казгидромет» РМК өкілдері елорданың шекара маңындағы аумақтарына ұшақпен шолу жасады.

«Шолу барысында Астаналық суреттегішке, Вячеслав су қоймасына, Қажымұқан, Талапкер, Қараөткел, Ильинка, Тайтөбе, Қосшы, Қоянды, Преображенск, Қошқарбаев, Қабанбай батыр елді мекендерінің аумақтарына аэровизуалды тексеру жүргізілді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Анықталғандай, аумақтың көп бөлігінде қар еру процесі тұрақты жүріп жатыр. Сонымен қатар, аталмыш шолу жұмысы Астана су қоймасындағы су ағынын алдын ала есептеуге мүмкіндік берді.

«Ең алдымен, біз Астана су қоймасы толуының жай-күйін байқадық. Қазір бұл су қоймасы 53% толды, тағы 200 млн жуық текше метр қор бар. Бүгін байқағанымыздай, су қоры мен қар жабынын есепке ала келе, бөгетте 100% су қоры жиналады деп болжап отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары сусыз қалмайды», - деді Юрий Ильин.

«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша келесі аптада күндіз және түнде ауа температурасы жоғарылайды, сондықтан да қар қарқынды ериді деп күтілуде. Жер серігі арқылы қашықтықтан зондтау арқылы да тәулік бойы мониторинг жүргізіледі.

«Күштер мен құралдардың қосымша тобын біз келесі аптаның соңына қарай оңтүстік өңірлерден орталық өңірлерге, атап айтқанда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына көшіруге дайынбыз», - деді Юрий Ильин.



Соңғы жаңалықтар