Көктемгі дала жұмыстарына 387 мың тонна дизель отыны бөлінді – Сапархан Омаров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 387 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Энергетика министрлігімен келісім бойынша ақпан-маусым айлары аралығына көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 387 мың тонна дизель отыны бөлінді. Күрделі ауа райын ескере отырып, біздің қосымша 10 мың тонна дизель отынын бөлу туралы өтінішімізді Энергетика министрлігі қолдады. Бұл барлық өңірлердің дизель отынына деген қажеттілігін толық көлемде өтеуге мүмкіндік берді», - деді Сапархан Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта өңірлердің операторлары шарт жасасу және наурыз айына бөлінген дизель отыны үшін төлем жасау рәсімін жүргізуде.

Өз кезегінде Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер (АШТӨ) үшін мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын тиеп-жөнелту бірінші кезекте тұрғанын атап өтті. Бұл ретте тиеп-жөнелту тәулік сайын бақыланады және оған мониторинг жүргізіледі.

«АШТӨ үшін 2020 жылы жүргізілетін егін жұмыстары үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 194 мың теңгені құрады. Жеткізу мен сақтауды есепке алғанда, болжамды баға литріне шамамен 180 теңгені құрауы тиіс, ол жанар-жағармай стансаларындағы бағалардан 13 теңгеге арзан (193 теңге / литр). Энергия көздеріне әлемдік бағаның төмендеуі аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының бағасы тоннасына 194 мың теңгеден тоннасына 184 мың теңгеге дейін төмендетілді. Жеткізу мен сақтауды есепке ала отырып, АШТӨ үшін болжамды баға литріне шамамен 172 теңгені құрауы тиіс, яғни бұл жанар-жағармай стансаларының бағасынан 21 теңгеге арзан. Бұл баға тек наурыз айына ғана ұсынылды, кейіннен дизель отынның бағасы сол кезеңде нарықта қалыптасқан конъюнктураны ескере отырып есептелетін болады. Күні бұрын шарт жасасып және төленіп қойылған, бірақ тиеп-жөнелтілмеген көлемдерге қайта есептеулер жүргізілетінін ерекше атап өтеміз. Бұл ретте, осы норма тиеп-жөнелтіліп қойған көлемдерге қолданылмайды», - деді Энергетика министрі.


Соңғы жаңалықтар