Көкшетаулықтар Азиада чемпионы Дмитрий Алексанинді құшақ жая қарсы алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар Азия ойындарының алтын және күміс медаль иегері Дмитрий Алексанинді Көкшетау әуежайынан құшақ жая қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің дерегінше, ақмолалық Дмитрий Алексанин Индонезияда өткен жазғы 18-ші Азия ойындарында семсерлесуден сынға түскен болатын. Байрақты жарыста Дмитрийдің бағы жанып, жекелей есепте алтын, командалық есепте екінші орын алды. Әсіресе, оның финалда 2016 жылғы Олимпиада чемпионы оңтүстіккореялық Пак Сан Енді 15:12 есеп айырмасымен ұтқаны ұзақ уақыт жанкүйерлерінің есінде қалатыны сөзсіз.

Көкшетау әуежайында Азиада чемпионын жанкүйерлері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, жаттықтырушылары, туыстары мен достары құшақ жая қарсы алды.

Дмитриймен бірге, триатлоннан күміс жүлдегер Аян Бейсембаев пен оның жаттықтырушысы Юрий Соловьев те бірге ұшып келді.

Еске сала кетейік, жақында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Дмитрий Алексанинге ақмолалықтар атынан құттықтау жеделхатын жолдаған еді.

Жеделхатта «Сіз бұл дүбірлі жарыста біздің облысымыздың өкілі ретінде үлкен жеңіске жеттіңіз. Сізге жеңіс жолында жұмсаған  ерік күшіңіз бен шеберлігіңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіз өзіңізге деген бапкерлеріңіз бен жанкүйерлеріңіздің үлкен сенімін ақтап қана қоймай, туған Отанымыз Қазақстанның спорттағы биік жетістіктерін әлемге паш еттіңіз» делінген болатын.

null 

Соңғы жаңалықтар