Көкшетауда жаңа көпір пайдалануға берілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жаңа көпір пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нысанның ашылу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы Ермек Маржықпаев М.Ғабдуллин көшесінің бойында Қылшақты өзеніне салынған жаңа көпір Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне лайықты тарту болып отырғанын атап өтті.

«Еліміз үшін маңызды мерекелер – Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа кәсіпорындарды іске қосу жақсы дәстүрге айналған. Осыдан бірер күн бұрын Целиноград ауданында облысымыздағы алғашқы жекеменшік мектеп есігін айқара ашқан еді. Кеше облыс орталығында «Agrimer-Astyk» ЖШС-де бидайдың қатты сортынан ұн шығаратын жоғары технологиялық жаңа диірмен кешенін іске қостық. Бүгін міне, жаңа көпірді қала тұрғындарының игіліне беріп отырымыз», – деді аймақ басшысы.

Бұл - Көкшетау қаласында соңғы 50 жылда алғаш рет салынып отырған жаңа көпір. Жобаның жалпы құны - шамамен 450 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын қарағандылық «Сервис ССТ» компаниясы 2018 жылы қолға алып, биыл аяқтаған. Көпірдің ұзындығы - 65 метр, ені - 33 метр. Аталмыш көпір орнатылған Ғабдуллин көшесі Абылай хан даңғылы мен Уәлиханов көшесін байланыстырады.

Сонымен қатар, көпірдің ашылу рәсімінде Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов сөз алып, қала тұрғындарын Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар