Көкшетауда «Ұлы дала тарихына тағзым» атты халықаралық конференция өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала тарихына тағзым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетаудағы «Bolashaq» сарайында ұйымдастырылған шараға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедияұлы, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Жамбыл Артықбаев, Қазақстандық суретші- рестовратор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырым Алтынбеков, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев, сондай-ақ онлайн режимде отандық және шетелдік өзге де тарихшы-ғалымдар қатысты.

Конференцияны Баку халықаралық мултикультурализм орталығының кеңесшісі Тофик Мохсен оглу Аббасов ашып, жүргізіп отырды.

Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы Ермек Маржықпаев халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның Көкшетауда өткізіліп отырғандығына тоқталды.

«Халқымыздың тарихы өз бастауын Қазақстан аумағын мекендеген сонау палеолит дәуіріндегі қауымдастықтардан алады. Біз Атбасар неолит мәдениетінің, жылқыны алғаш қолға үйреткен ботайлықтар мен андронов мәдениетінің тікелей ұрпақтарымыз», – деді Ермек Боранбайұлы. – 2018 жылдан бастап, белгілі өлкетанушы, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының бастамасымен «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы ұйымдастырылып келеді. Бірінші экспедиция Бурабай – Түркістан бағыты бойынша Абылай ханның тұлғасымен байланысты тарихи жерлерді зерттеді. Екінші сапар Көкше жерінен ұлы ойшыл әл-Фарабидің туған мекені – Отырар қаласына дейін ежелгі керуен жолымен өтті. Биылғы экспедиция Шығыс Қазақстанға Абай атамыздың туған жері мен Қазақ хандығының шайқастары өткен тарихи орындарға сапар шегеді.

Ал ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедияұлы тәуелсіздік алған жылдары еліміздің ұлттық тарихты, мәдени мұраны зерделеудегі жетістіктеріне тоқталды.

Бұдан бөлек, онлайн режимде отандық және шетелдік өзге де тарихшы-ғалымдар да өздерінің ой-пікірлерін айтты.

Конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың құттықтау сөзі оқылды.



Соңғы жаңалықтар