Көкшетауда «Сәлем, Елорда!» өнер шеруі өтеді

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың 12-14 қазаны аралығында Көкшетауда «Сәлем, Елорда!» аймақтық өнер шеруі өтеді. Бұл туралы брифингте Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақтық өнер керуені 12-14 қазан аралығында «Сәлем, Елорда!» тақырыбымен 2-ші республикалық өнер шеруі аясында өтеді.

Салтанатты ашылу рәсімі 12 қазан күні сағат 09:00-де Көкшетау мәдениет сарайының үлкен залында өңірлік делегациялардың қатысуымен өтеді. Жоба бағдарламасына облыстық филармонияларда СММ, арт-менеджмент және хореография саласындағы мамандар үшін, сондай-ақ кітапхана басшылары үшін үш күндік мастер-кластар енгізілді.

13 қазанда өнер шеруіне қатысушылар үшін «Шыңғыс хан» спектаклі, сондай-ақ Ақмола облысының хореографиялық ұжымдарының концерті ұсынылады.

«14 қазан күні сағат 11:00-де «Көкшетау» мәдениет сарайында барлық өңірлердегі халық шығармашылығын дамыту орталықтары, филармония және концерттік ұйымдар басшыларының көшпелі жиналысы өтеді. Мәдениет және спорт министрлігі шеруге қатысушыларымен консультативтік жиналыс өткізеді», – деді Айгүл Сәбитова.

Барлық іс-шаралар «Көкшетау», «Достар» мәдениет сарайларында, Көкшетау мәдениет сарайы және Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында болады.

«Сәлем, Елорда!»-тәжірибе алмасу, мәдениет пен өнер саласындағы дағдыларды, республиканың үлгілі орындаушыларын жаппай ілгерілету. Өнер шеруі 14 қазан күні сағат 17:00-де «Көкшетау» мәдениет сарайында гала-концертпен аяқталады.

Айта кетсек, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен «Көкшетау қаласына – Қазақстанның мәдени астанасы» мәртебесі берілді.

Осыған орай, Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы еліміздің 16 өңірімен бірлесіп, іс-шаралар жоспары бойынша Жол картасына 500 іс-шара енгізді. Бүгінгі таңда бұл шаралардың 200-ден астамы өткізілді.


Соңғы жаңалықтар