Көкшетауда коронавирустан көз жұмған медбикенің отбасына өтемақы тағайындалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған Айжан Беркішеваның отбасына «Nur Otan» партиясының араласуымен бір реттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу мәселесі шешілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, тамыз айының ортасында «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалының қоғамдық қабылдауына Сағындық Беркішев өтініш берген. Онда ол әйелі Айжанның коронавирус инфекциясынан қайтыс болуына байланысты өтемақы алу мәселесін көтерген.

Айжан бастауыш медициналық-санитарлық көмек орталығында медбике болып жұмыс істеген. Алайда, эпидемияға қарсы шараларға тартылып, блокпоста қауіпті дертті жұқтырып алған. Оның артында үш баласы қалды.

Партияның облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысында қосымша ақшы төлеу, сондай-ақ, коронавирус инфекциясынан қайтыс болған Айжан Беркішеваның отбасына өтемақы төлеу мәселесі кеңінен талқыланды.

Бір реттік әлеуметтік өтемақы төлеу ержесіне сәйкес Айжанның отбасына бір реттік әлеуметтік өтемақы төлеу бойынша материал Ақмола облысының әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорының қарауына жолданыпты.

«Ондағылар блокпоста тұрған медицина қызметкерлері бұйрықтың ережесіне сай келмейтінін айтып, аталмыш отбасына өтемақы төлеуден бас тартқан. Сол себепті ҚР Денсаулық министрлігіне ресми сауал жолданды. Онда эпидемияға қарсы шаралар кезінде өзінің функционалды міндеттін орындау кезінде қайтыс болғандарға әлеуметтік өтемақы төлеу туралы ережені қайта қарап, өзгеріс енгізу ұсынылды», - деді «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы Динара Дүйсен.

Блокпоста карантинді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлерін ережеге енгізу туралы ұсыныс ескерілді. Материалдарды қарау кезінде Айжан Беркішеваның отбасына бір реттік әлеуметтік өтемақы тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар