Көкшетауда кейбір тұрғын үйлердің жылусыз отыру себептері түсіндірілді

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Данияр Ақыбаев пен жедел басқару қызметінің басшысы Валерий Менгулов журналистерге Көкшетау қаласында кейбір тұрғын үйлердің жылусыз отыру себептерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының өкілдері облыс орталығында тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуді ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығы және бұл жұмыстар бір аптаға созылатынын айтты. Сол себепті, олар тұрғындарды шыдамдылық танытуға шақырды.

«Көкшетау қаласына жылу уақтылы берілді, бірақ қазіргі уақытта кейбір үйлерге әлі жылу жеткен жоқ. Жеткеннің өзінде ыстық судың қысымы мен температурасы төмен. Бұл мәселені ескере отырып жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жылу жүйесін толық іске қосу жұмыстары кем дегенде 10 күнге созылады. Осыған байланысты тұрғындарға сәл шыдамдылық танытуға шақырамыз», - деді Д.Ақыбаев.

Коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күні облыс орталығында барлық мектептер, балабақшалар мен медицина мекемелері жылуға қосылған. Сонымен бірге, 912 тұрғын үйдің 897-не жылу берілген. Көпқабатты 6 үйде есепке алу аспаптары жоқ, 9 үйдің жертөлесінен ақау шықты, бұл үйлер иесіз және ешкімге керек емес.

«Құрылыс нормасы мен ережесі бар. Сондай – ақ, әр өңірде белгілі бір жылыту күндері бекітілген. Мәселен, бізде 228 жылыту күні болса, оңтүстікте – 214. Егер біз 28 қыркүйекте жылу бере бастасақ, онда 30 сәуірде аяқтауымыз керек. Ал, біздің өңірге бұл тиімсіз», - деп түсіндірді Д.Ақыбаев.

Сонымен бірге, жедел басқару қызметінің басшысы Валерий Менгулов әлі күнге дейін жылусыз отырған Сарыарқа шағынауданындағы жағдайдың себебін түсіндірді.

«Сарыарқа автоматтандырылған жылу пункттері орнатылған жаңа шағынаудан. Мұндағы сенсорлар, сорғылар мен клапандарға қызмет көрсететін арнайы білімі бар маман болуы керек. Әлеуметтік нысандарды біз бақылап, қызмет көрсетсек, тұрғын үйлер қарайтын пәтер иелері кооперативтерінде мамандар жетіспейді. Бұдан бөлек, Сарыарқа 6/2 және 14/3 есептеу мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үйлерде жылу аспаптары жоқ. Пәтер иелері кооперативтерінде мамандар жоқ болғандықтан сәл күтуге тура келеді. Мүлік иелері бірлестігі құрылды, бірақ ондағылар да жабдықтарды түсінбейді. Біз, әрине, көмектесеміз, бірақ бұл бұдан әрі жалғаса бермеуі тиіс. Егер өздері түсінбесе, IT-мамандарды жалдасын, олар барлығын баптап, іске қосып береді», - деп түсіндірді В.Менгулов.


Соңғы жаңалықтар