Көкшетауда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салынбақшы

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысы бойынша келісөздер жүргізілуде. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте қала әкімі Бауыржан Ғайса мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда жергілікті билік алдында қоқыс шығару тарифін көтеру, жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын ашу және қоқысты кәдеге жарататын зауыт салу мәселесі тұр. Осы ретте, қала басшысы қыркүйектің 29-да мемлекеттік органдар өкілдерімен кеңес өтіп, онда осы мәселе талқыланғанын атап өтті.

«Көкшетауда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мәселесі өзекті болып отыр. Табиғатты қорғау прокурорының ұсынысы бойынша келістік, қазір біз жол картасын жасап жатырмыз – қалай болу керек және не істеу керек деген сияқты. Өйткені, жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бір жылға созылады, содан кейін қоқысты өңдейтін зауыттың құрылысына тағы екі жылға кетеді. Ал, бұл зауытқа қоқыс қоры қажет. Сондықтан, зауыт салынатын жерге қоқыс тастайын уақытша алаң жасау керек. Осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Бауыржан Ғайса.

Қоқысты қайта өңдеу зауытының құрылысы Красноярдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жанында немесе Омбы трассасы бойынша жоспарланып отыр. Әкім атап өткендей, зауыт қала ішінде салынбайды.

«Бүгін біз корей компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар қоқысты жағу және электр энергиясын өндіру бойынша қоқыс өңдеу зауытын салады деген уағдаластыққа қол жеткізілді. Егер бәрі жақсы болса, компания келесі жылы тамыз-қыркүйек айларында зауыт салуды жоспарлап отыр», - деді әкім Ғайса.

Сондай-ақ, қала әкімі қоқыс жинаумен айланысатын коммуналдық кәсіпорындардың шығынға жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта келісімшарт бойынша қаланың тұрғын үй секторынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен «Көкше Тазалық» ЖШС және «EcoGroup 2020» ЖШС айналысады. «Көкше Тазалық» ЖШС кәсіпорындары қолданыстағы тариф бойынша 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазір кезде кәсіпорын қоқыс жинауға және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналған 2500 контейнерді, автопаркті жаңартуға мүмкіндігі жоқ. Тіпті, тікелей шығындар мен салық төлемдерін өтемей алмай келеді», - деді қала әкімі.

Айта кетсек, «Көкше Тазалық» ЖШС бүгінгі күні 109 300 абонентпен келісім шарт жасады, кәсіпорында 73,3 миллион теңге дебиторлық қарызы бар. Ал «EcoGroup 2020» ЖШС шағын аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетеді. «Сары Арқа», Краснояр және Чайкино кентеріндегі 4 873 абонентпен шарттар жасады, бұл ретте оның 12,1 миллион теңге дебиторлық берешек бар.

Соңғы жаңалықтар