Көкшетауда Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған шара өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «Әсем қоңыр» атты концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Концерт Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында ұйымдастырылған концерт дирижер «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері Тұрлыхожа Базаровтың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында Динаның «Тойбастар» күйімен ашылды.

«Концертте оркестрдің домбырашылары Динаның теңдесіз күйлерін орындады. Атап айтсақ, Самал Әубәкірова «Кербез», Жұлдыз Мұқышева «Домалатпай», Арман Мәкен «Қара қасқа ат», Алмас Омаров «Жеңіс», Жанна Молғаждарова «8 март», Айгерім Шалқарова «Қазақстанға 30 жыл», Саят Бабаев «Күй ана», оркестрдің концертмейстері Әбілсерік Кәмәшев «Бұлбұл» күйлері тыңдарманның көңілінен шықты. Сонымен қатар оркестрдің орындауында Дина Нұрпейісованың «Өттің дәурен», «Қайран шешем», дирижер Жанат Рашиттың жетекшілік етуімен «16 жыл», «Әсем қоңыр», «Партия туралы күй», «Науысқы» туындылары да сомдалды», - деді Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасынан.

Концертті философия докторы (РһD), Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-жазушы, «Алтын тұғыр-2019» әдеби сыйлығының гран при иегері Ерболат Баятұлы мен Самат Уатхан жүргізді.

Айта кетейік, қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өресін биіктеткен, Қазақстанның музыка мәдениетінде аты аңызға айналған әйгілі күйшілердің бірі – Дина Нұрпейісова. Құрманғазының батасын алған, «Домбыраның Жамбылы» атанған, күйшінің домбыра техникасын теңдессіз меңгеріп, қос қолмен бірдей домбыра шертудегі шеберлігін көргендер таң қалып, таңдай қаққан. Ал Дина Нұрпейісованың шығарған күйлері қазақ домбыра музыкасының классикасына айналды.


Соңғы жаңалықтар