Көкшетауда біреудің атына онлайн несие рәсімдеген күдікті ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау қаласында бөтен біреудің атына онлайн несие рәсімдеген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, 12-ші қазан күні Көкшетау қалалық полиция бөліміне 30 жастағы жергілікті тұрғын арызданған.

Зардап шегушінің мәлімдеуінше, белгісіз адамдар оның атына банк арқылы онлайн несие рәсімдеген. Атына несие рәсімделгені туралы ол өзіне банктен телефон арқылы хабарласып, төлем жасау туралы айтқан кезінде бірақ білді.

«Жедел іздестіру шарасы кезінде бір тәуліктің ішінде алаяқтығы үшін бұрын сотты болған күдікті ұсталды. Ол зардап шегушінің әріптесі арқылы несие картасы туралы мәліметтерді біліп, ұялы телефонның көмегімен онлайн несие рәсімдеген. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері күдіктінің осындай өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үстінде», дейді ведомстводан.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға шақырады. Әсіресе, жеке куәліктерінің көшірмесін өзге адамдарға бермеуді ұсынады. Сондай-ақ, интернет сайттардағы арзан бағаға техника сату туралы жарнамалар мен ұсыныстарға алданбауды сұрайды.

Соңғы жаңалықтар