Көкшетауда білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілді дамыту мәселесі қаралды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпара - Бүгін Көкшетау қаласында онлайн конференция барысында облыстағы білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік тілдің дамуы туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстың Ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шараға аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен әдіскерлері, мектепке дейінгі мекемелердің меңгерушілері мен қазақ тілі пәнінің оқытушылары қатысты.

Конференция барысында облыстағы мектепке дейінгі мекемелер, орта білім беретін мектептерде және орта арнайы оқу орындарында мемлекеттік тіл саясаты қалай жүргізіліп жатқаны жайлы мәселелер қаралды.

Конференцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, онлайн шара Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 21 – тармағында көрсетілген тапсырмалардың орындалуын талқылау мақсатында өткізілді.

«Мемлекетті қалыптастырушы ұлттың» тілі қашанда биік тұғырда болуы керек. Қазақ тілі Қазақстанның барлық қоғамдық қатынастарында қолданыста болып, мемлекеттік идеялогияның өзегіне айналуы бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін киелі де келелі мәселе. Ал ұлттық идеологияны қалыптастыру мен патриоттық тәлім-тәрбие берудің бірден-бір құралы – білім беру мекемелері. Ел ертеңінің жарқын болуы өскелең ұрпақтың біліміне байланысты», - деп атап өтті басқарма басшысы А.Әміренова.

Жалпы алғанда қазір Ақмола облысы бойынша 601 мектепке дейінгі мекеме бар. Олардың 271-і қазақ тілінде, 140-і аралас тілде, 190-ы орыс тілінде білім береді. Биыл облыс бойынша 555 мектеп бар, оның ішінде қазақ мектептері – 159, аралас мектептер – 218, орыс мектептері – 178. Колледждердегі қазақ топтарында оқитын балалардың үлесі 2013 жылмен салыстырғанда артса да, қазақ топтарының үлесі әлі де төмен. Қазір облыста 32 колледж бар (қазақ тілді – 2, аралас тілді – 27, орыс тілді – 3).

Шара соңында конференцияға қатысушылар өздерінің пікірлерімен және мемлекеттік тілді дамыту бойынша ұсыныстары ұсынды. Әсіресе мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылық пен ықыласын арттыру, мүдделілік, қажеттілік тудыруды қамтамасыз ететін білікті оқытушыларды дайындауға бөлу керек. Осындай мақсаттарды орындайтын болсақ, сонда ғана қазақстандықтардың 95%-ы 2025 жылы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады.


Соңғы жаңалықтар