Көкшетауда азаматтық қоғамды дамытудағы блогосфераның рөлі талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау қаласында «Азаматтық қоғамды дамытудағы блогосфераның рөлі: болмысы мен болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ұйымдастырылған шараға магистранттар, докторанттар, оқытушылар, ғалымдар, ЖОО мен ҒЗИ ғылыми қызметкерлері қатысты.

«Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің қоғам өміріндегі орны ерекше. Өркениетті қоғам ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілердің дамуымен және бостандығымен өлшенеді. Әлеуметтік желілер қазіргі өркениетті елдердің бәрінде де үлкен саяси күш болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаттарының бірі де – қоғамдық сананы жаңғыртып, елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру және өзара орнықтыру болып табылады. Сонымен қатар, Президент бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бүгінгі таңда халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналып, қоғамның билікке деген сенімін арттыруға ықпал етіп отыр», - деді конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев.

Онлайн режимде өткен конференция барысында философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов «Блогосфераның виртуалды қоғамының эволюциясы», М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің бірінші проректоры Ербол Исакаев, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің саяси ғылымдар факультеті халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Мерием Хаким «Цифрлық әлем және Қазақстан: мемлекетке, қоғамға және жеке тұлғаға төнетін қатерлер», ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров «Еліміздің қоғамдық даму үдерісіндегі әлеуметтік желілердің рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

«Соңғы он жыл ішінде әлеуметтік желі бүкіл әлем бойынша, оның ішінде біздің елімізде де қоғамдық, әлеуметтік-саяси үрдістердің негізгі драйверіне айналды. Сондай-ақ, әлеуметтік желі билік пен халықтың арасында кері байланыс орнататын мехнизм болып отыр. Бүгінгі күні көптеген адамдар осы блогосфера арқылы билікпен байланысқа шығуда. Бұл елімізде күннен күнге әлеуметтік желінің беделі артып келе жатқандығын білдіреді», - деді Ерлан Саиров.

Конференцияда өзге де халықаралық деңгейдегі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлердің пікірлері тыңдалды.

Осы ретте, шараға қатысушылар елімізде блогерлік саланы дамытуға үлес қосып жүрген және Көкшетауда «Азаматтық қоғамды дамытудағы блогосфераның рөлі: болмысы мен болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны ұйымдастыруға ұйытқы болған Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің проректор Ғалым Байтүкке алғыс білдірді.


Соңғы жаңалықтар