Көкшетауда ауыз судың сапасы қалай жақсартылуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Ермек Өмірғалиев қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралармен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Өмірғалиевтің айтуынша, кәсіпорында 350 шақырымнан астам су құбыры мен 280 шақырым кәріз жүйесі, су торабы-сорғы станциясы, қуаты тәулігіне 21 мың текше метр су тазарту нысаны, 7 су құбыры және 24 кәріз сорғы станциясы, қуаты тәулігіне 32 мың текше метр ағынды суларды биологиялық тазарту станциясы бар.

«2021 жылы су құбыры желілері бойынша 67 жарылу, 576 ағу, кәріз желілері бойынша 10 жарылу және 6156 бітелу жойылды, 478 су тарату колонкалары ауыстырылды және жөнделді, 44 бекіту-реттеу арматурасы орнатылды. Магистралдық желілерді тазалау бойынша күнделікті жұмыстар жүргізілуде», - деді Е.Өмірғалиев.

Есепті кезеңде Көкшетау қаласы, Станционный және Краснояр кенттері бойынша жалпы ұзындығы 4098,2 метр су құбыры және 675 метр кәріз жүйесі ауыстырылды. Осы уақыт ішінде орталықтандырылған сумен тұтынушылардың 96 пайызы, орталықтандырылған су бұрумен 76,1 пайызы қамтамасыз етілді. Бюджет қаражаты есебінен 64,5 миллион теңге сомасына құбыр желілерін төсеу үшін «XCMG» КББ қондырғысы, 41,5 миллион теңге сомасына «КамАЗ» базасында арна жуу машинасы (крот), сондай-ақ 10,3 миллион теңге сомасына «Газель-Некст» көлігі қаражатты үнемдеу есебінен сатып алынды.

«Ең бастысы – Көкшетаудағы ауыз судың сапасын жақсарту. Бастапқыда су тазарту қондырғыларындағы сүзгілерді ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Мердігерлік ұйыммен жаңа су тазарту нысандарының құрылысы жүргізілуде, бірақ оның аяқталуын күтпеу үшін, біз әзірше жұмыс істеп тұрған су тазарту нысандарын тиісті жағдайда ұстауға тырысамыз. Сүзгілер мен құмды ауыстыру қажет», - деп түйіндеді Е.Өмірғалиев.


Соңғы жаңалықтар