Көкшетауда алаяқтықпен айналысқан құрылыс компаниясының басшысы сотталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жаңадан салынып жатқан үйлерден заңсыз пәтер сатқан «Кан Сам» ЖШС директорына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш ЖШС басшысынан алданған үлескерлер Ақмола облысының ІІД қызметкерлеріне алғыс білдіруде. Олардың арасында үлесті тұрғын үй құрылысының қатысушылары Юлии Пророчук, Әйгерім Құсметова, Күлпаш Кіргожина және Людмила Дрозд секілді тұрғындар бар.

«Тұрғындар халықтың ақшасын заңсыз жолмен жымқырып кеткен «Кан Сам» ЖШС директоры Самат Исиннің алаяқтығын әшкерелеуге тікелей атсалысқан аға тергеуші Айбек Қалиқұловтың жоғары кәсіби шеберлігін ерекше атап өтіп, шынайы ризашылығын білдірді. Көптеген тұрғындар баспаналы болу мақсатында Исиннің арбауына түсіп, ақшаларынан айырылып қалған», - деп атап өтті Ақмола облысының ІІД баспасөз қызметінен.

Көкшетау қалалық сотының үкімінде көрсетілгендей, 2014 жылы «Кан Сам» ЖШС директоры мен жер телімі бар жеке кәсіпкер арасында келісімшарт жасалған. Осыған сәйкес ЖШС көпқабатты тұрғын үй салып, ол үйдің бірінші қабатының белгілі бір аумағын жеке кәсіпкерге беруі тиіс болатын. Қолдарында рұқсат құжаты жоқ «Кан Сам» ЖШС директоры жалпы құны 144 968 939 теңгені құрайтын пәтерлерді 21 ақмолалыққа сатқан. Кейін ол біраз үлескермен келісімшартты бұзып, ол үйлерді екінші рет тағы сатады. 

«Осылайша, С.К.Исин рұқсат құжаттары жоқ заңсыз құрылысты бастай отырып, өзінің сеніміне кірген адамдарды пәтерге қарық қыламын деп алаяқтық жолмен ақшаларын иемденіп отырған. Тіпті, пәтер сатып алушы үлескерлердің саны салынып жатқан тұрғын үйдегі пәтер санынан асып түсті», - деп көрсетілген сот үкімінде.

Сот үкімімен ЖШС директоры ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі («Алаяқтық») және 214-бабының 2-бөлігі («Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу») бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Оған қоса, құрылыс саласында 7 жыл қызмет істеу құқығынан айырылды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар