Көкшетауда 67 мың шаршы метрден астам тұрғын үй құрылыстары жүргізілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 67 мың шаршы метрден асатын және жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы брифингіде Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің айтуынша, тұрғын үй беру - ең көп талқыланатын және көпшілікті толғандыратын түйткілдердің бірі. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Көкшетау қаласының құрылыс бөлімімен жалпы ауданы 67 мың шаршы метрден асатын және жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын 21 тұрғын үй нысанының құрылысы жүргізілуде.

Жыл соңына дейін Көкшетау қаласында жалпы ауданы 30 мың шаршы метрден асатын 16 тұрғын үй нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Алайда, елімізде құрылыс материалдары бағасының өсуіне алаңдаушылық бар. Бұл өз кезегінде құрылыс саласына және нысандарды тапсыру мерзімдеріне кері әсер етті. Тағы бір мәселе көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстау болып табылады», - деп атап өтті қала басшысы.

Ал 1996 жылы ПИК құрылғаннан бері 25 жыл ішінде көптеген кемшіліктер орын алды. Бұл жалпы жүйенің беделін түсірді, сондай-ақ азаматтардың қызмет көрсету сапасына деген наразылығын тудырды. Көп пәтерлі үйлердің тұрғындары қазір басқару нысанын таңдауға және өзгертуге, сондай-ақ меншік иелерінің бірлестігін немесе жай серіктестікті құруға құқылы. Әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің өзінің басқару органы-үй кеңесі, пәтер иелерінің, тұрғын емес үй-жайлардың арасынан үйдің мүдделерін білдіретін және қорғайтын бақылау органы болады. Ал барлық ПИК-тер 2022 жылдың шілдесіне дейін үйге ортақ мүлікті беріп, сервистік немесе басқарушы компания түрінде дамудың өзіндік жолын таңдауы қажет.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында азаматтарымыздың қажеттіліктерін сапалы орындау, мемлекеттік органдардың жедел және тиімді әрекет етуі үшін әкімдіктің халықпен кері байланысының пәрменді тәсілдерінің бірі әлеуметтік желілер болып табылады, онда әрбір азамат өзін қызықтыратын сұрақ қоя алады. Әкімдік қызметкерлері күн сайын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының проблемалық мәселелерін анықтау үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Мониторинг барысында анықталған мәселелер жедел әрекет ету шараларын қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі», - деп түйіндеді Бауыржан Ғайса.


Соңғы жаңалықтар