Көкшетауда 200 отбасына жаңа пәтер кілті тапсырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Конституция күні қарсаңында Көкшетау қаласында бірқатар мерекелік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шара барысында облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап салынған жаңа үйден 200 отбасы пәтер кілттері тапсырылды. Баспаналы болғандардың арасында медицина қызметкерлері де бар.

Қуаныш иелерін құттықтаған аймақ басшысы Ермек Маржықпаев осы шағын ауданда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тағы да он екі көп пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйдің, сондай-ақ «Отбасы банкі» салымшылары үшін бес кредиттік көп пәтерлі үйдің құрылысын аяқтау жоспарланғанын атап өтті.

Сонымен бірге, облыс орталығындағы Қылшақты өзенінің жағасында амфитеатр ашылды. Бұл салтанатты шараны ашқан аймақ басшысы барлық қатысушыларды Ақмола облысының пауэрлифтері Давид Дегтяревтің Токиода өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына салған алғашқы алтын медалімен құттықтады.

Шара аясында өңір басшысы ақмолалықтарға «Еңбек ардагері», «Мейірім», «Еңбек ардагері» медальдарын, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Мәдениет саласының үздігі», «Құрметті спорт қызметкері», «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгілерін, ҚР Президентінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарын, мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамоталарын табыс етті.

Айта кетейік, Конституция күніне орай облыста 20-ға жуық әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар пайдалануға беріледі.


Соңғы жаңалықтар