Көкшетауда 154 кәсіпкерлік нысаны «Ashyq» мобильдік қосымшасына тіркелген

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда 154 кәсіпкерлік нысаны «Ashyq» мобильдік қосымшасына тіркелген, оның көпшілігі мейрамханалар мен дәмханалар. Бұл туралы Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Андрей Подгурский мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда «Ashyq» мобильдік қосымшасына тіркелу үшін тағы 200-ден астам өтініш қаралып жатыр. «Ashyq» жобасы кәсіпкерлік нысандардың қайта жандануына мүмкіндік береді. Қосымшаны енгізудің негізгі мақсаты – коронавирус жұқтырған немесе онымен байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға баруының алдын алу, карантин кезінде азаматтардың індет жұқтыру қаупінсіз шағын және орта бизнес жұмысын қалпына келтіру.

Өңір «қызыл» аймаққа өтіп кетсе, онда «Ашық» жобасына қатысушы кәсіпкерлер «сары» аймақтың шарттарымен жұмыс жасай алады. Ал егер «сары» аймақта болған жағдайда жоба қатысушылары «жасыл» аймақтың шарттарымен жұмыс жасайды. Осы ретте, қалада кәсіпкерлік субъектілеріне «Ashyq» жобасының тиімділігін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

«Пандемия экономиканың барлық саласына да салқынын тигізді. Мәселен, облыс орталығында карантин енгізілгеннен кейін көптеген кәсіпкерлер зардап шекті. Дегенмен, «Ashyq» жобасы қолға алынғаннан бері бірқатар кәсіпкерлік нысандар оған қатысып, санитарлық талаптарды сақтай отырып өз жұмысын қайта жалғастыруда. Осы ретте, Көкшетауда 154 кәсіпкерлік нысаны «Ashyq» мобильдік қосымшасына тіркелген болса, тағы 200-ден астам өтініш қаралып жатыр. Қазіргі кезде, жергілікті кәсіпкерлердің осы жобаға қатысуы үшін «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - дейді Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Андрей Подгурский.


Соңғы жаңалықтар