«Көк тудың желбірегені» әнінің сөзі Қорғас шекарасында жазылған - Алмас Ахметбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –«Көк тудың желбірегені» әні - жанды тебірентіп, рухты оятатын нағыз патриоттық ән. Ол арнайы тапсырыспен жазылған ән емес. Ол атамекенге деген ыстық сағыныш пен бойдағы елжандылықтан туған дүние. Тарихи отанына жете алмай жүрген өзге елдердегі қазақ бауырлардың жүрегінің лүпілі. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне әнің сөзін жазған ақын Алмас Ахметбек айтты.

Тоқсаныншы жылдардың басында Қытайдың Шәуешек деген ауылында тұратын ақын Алмас Ахметбек қазақтың көк туын алғаш рет теледидардан тамашалайды.

Ақының айтуынша, Елбасы байрақты тізерлеп тұрып сүйгенде экран алдында отырған қандастар көз жастарына ерік берген. Бұл отанға деген-құрмет!

«Біздің ата-бабаларымыз Қазақстаннан жырақ жерде өмір сүрді. Сондықтан олардың бүкіл арманы, балаларына тапсыратын үлкен мұраты елге жету еді. Олардың тәрбиесінің өзегі Азаттық болатын. Біз сол егемендікті аңсаған, атадан ұрпаққа мұра болып қалған әулеттің, дәстүрдің туындысымыз. Менің әкем бала күнімде маған мына өлеңді жататқан еді.

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі мол тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам, мен сенікі-

Пайлан шаруаңа жарса,алаш! Бұл Міржақып Дулатовтың өлеңі. Осы өлең жолдары арқылы әкем бойымдағы патриоттық сезімімді оятқан екен»,– деді Алмас Ахметбек .

Сонымен қатар, ол «Желтоқсан» оқиғасы болғанда арғы беттегі қазақтар жазықсыз жапа шеккен қазақтың ұл-қыздары үшін алаңдады.

«Біз бәрін естіп-біліп отырдық. Қандас бауырларымызға жүрегіміз ауырды. Қытай таратқан бюллетендер арқылы Сәбитова мен Кенжебековтың есімдері есімізде қалды. Сол кезде біз Қазақстанның тәуелсіздігінің келе жатқанын, көп ұзамай азаттық таңы ататынын сездік. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде шетелдегі қазақтардың қуанышын сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Біз көшеге ұрандап шықтық, тойладық. Біз енді бір күнде Қытайда қалмаймыз деп қуанып, құжатымызды, жұмысымызды тапсыра бастадық. Біз ол жақта жоғары білімді, белсенді кадр болдық. Алайда бұл- елге, жерге деген сағынышымыздың қасында түкке тұрғысыз болды»,– дейді ақын.

Ақын Аламас Ахметбек «Көк тудың желбіреген» әнінің сөзін қалай жазғанын айтты.

«Мен 1993 жылдың ақпан айында Қорғас шекарасынан өтіп келе жаттым. Ол кезде кеден салынбаған, аласа ғана үйдің төбесінде біздің екі метрлік туымыз желбіреп тұрды. Ақындық шабыт деген болады. Мен ол кезде 32 жастамын. Туға қарап мына өлең шұмақтары тіліме оралып, санамды билеп алды.

Көк тудың желбірегені

Бақыттың елжірегені,

Қиырда қалған қазақтың

Азат отанға жете алмай

Көзінің мөлдірегені.

Кейін Алматыға келгенде өлең бес шумақ болып жазылды. Менің өлеңдерімнің басым бөлігі патриоттық тақырыпта. 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығында Бүркіт Аяған деген жігіт тәуелсіздікке арналған әдеби шығармаларды жинады. Сонда анық болғаны азаттықа арналған шығармалардың 90 пайызын шет елден келген қазақтың ақын-жазушылары жазыпты. Оған себеп, еліне, жеріне деген сағыныш»,– деді ол.

Сонымен қатар, ол аталған өлеңге бірнеше ән жазылғанын жеткізді.

«Бұл өлеңге бірнеше ән жазылды. Жақын жолдас жігіттер де жазды. Бірақ маған оның үлгісі, диапазоны ұнамады. Кейін өзім ақын-сазгер, опера әншісі Ермұрат Зейіпханұлына өлеңге ән жазып беруін сұрадым. Сазгер әннің екі нұсқасын жазды. Екеуін де тыңдап, ұнатқан нұсқасын қалдырдық. Алғаш рет сахнаға «Көк тудың желбірегені» әнін әнші, отандық опера жұлдызы Майра Мұхаммедқызы орындап шықты. Бұл 2001 жылыдың бірінші мамыры болатын»,– деп еске алды ақын.

Қазір оны әнші Ибрагим Ескендір нақышына келтіріп орындап жүр.


Соңғы жаңалықтар