Қоғамның билікке сенімін арттыру мәселесі өте өзекті - Сауытбек Әбдірахманов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламент Мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы құрылған. Ол осындай елеулі, маңызды мәселелер бойынша отырыстарды өткізіп отырады. Бүгінгі өткізіп отырған отырысымыздың тақырыбы - ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасынан туындайтын біздің депутаттық топтың міндеттері. Ассамблея төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың баяндамасы, шығып сөйлеген депутаттардың сөздері, тиісті министрліктерден келген өкілдерге қойылған сұрақтар депутаттық топтың мүшелері жауапкершілікті сергек сезінетінін көрсетіп отыр», - деді Сауытбек Әбдірахманов.

Мәжіліс депутаты қазіргі таңда еліміздің алдында жаңа саяси кезең күтіп тұрғанын атап өтті.

«Көп дүние өзгереді, қоғамда әділет бұрынғыдан арта түседі деп күтіп отырмыз. Оның нақты жолдары - қоғамның билікке сенімін арттыру мәселесі өте көкейкесті болып тұр. Осылар жөнінде жанашырлықпен әңгіме айтылды. Осынау талқы өзінің нақты нәтижесін береді деп ойлаймыз», - деді Сауытбек Әбдірахманов.

Айта кетсек, Парламент Мәжілісінде «ҚХА-ның Мәжілістегі депутаттық тобының Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасынан және ҚР-ның сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттері туралы» тақырыбында отырыс өтіп жатыр. Отырысқа мәжілісмендер, ҚР Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, министрліктер өкілдері, мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар