Қоғамдық орында мас жүрген 10 мыңға жуық солтүстікқазақстандық жауапкершілікке тартылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қоғамдық орындарда ішімдік ішкен немесе мас күйде жүргені үшін жыл басынан 10 мыңға жуық солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің музейінде полиция тарихына қатысты көптеген қызықты мағлұмат алуға болады. Соның бірі – маскүнемдікпен күресу мақсатында арнайы әзірленген медаль туралы.

«Маскүнемдік үшін» медалі әлем тарихындағы ерекше «марапаттардың» қатарында. Оны маскүнемдікпен күресу үшін 1714 жылы І Петр ойлап тапқан екен. Бұл медальдің СҚО аумағында қолданылғаны жайында ақпарат жоқ, дегенмен ведомстволық музейде оның фотокөшірмесін көруге болады.

«Біздің музейге медальдің фотокөшірмесін омбылық әріптестеріміз берді. Ресейде оны шойыннан құйып әзірлеген. Мойынға тағатын шынжырымен қоса салмағы 8 келіге дейін жеткен. Оны тоқтаусыз ішімдік ішкен жандар бір апта тағатын болған. Медальді өздігінен шешу мүмкін емес, кілті тек полицейлерде ғана болған», - дейді музей қызметкері.

Одан бері үш ғасыр өтсе де маскүнемдік мәселесі өзектілігін жоймай отыр. Отбасылық-тұрмыстық жағдайда болатын қылмыстардың барлығы дерлік спирттік ішімдіктерді ішудің салдарынан жасалады екен. Сондай-ақ бұзақылық жасайтындар да, жол-көлік апатына себепші болатындар да негізінен масаң күйдегі тұрғындар. Жыл басынан бері осындай 661 қылмыс тіркелген. Мас жүргізушілердің кінәсінен 14 жол апаты болып, 1 адам қаза тапты, 21 адам жарақат алды. Тағы үш жол-көлік оқиғасына мас жүргіншілер кінәлі. Салдарынан бір адам мерт болды, тағы екеуі түрлі дене жарақатын алды.

«Биыл жыл басынан облыс жолдарында мас күйде рөлге отырған мыңға жуық жүргізуші тоқтатылды. Олардың 700-ге жуығы соттың шешімімен 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Қоғамдық орындарда ішімдік ішкен немесе мас күйде жүргені үшін жыл басынан 10 мыңға жуық солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алкоголь өнімдерін сату ережесін бұзудың 90, заңсыз сатудың 200 дерегі тіркелді. Учаскелік инспекторлар биыл 174 адамды еркінен тыс наркологиялық орталыққа жеткізіп, олардың жартысынан астамы маскүнемдіктен емделіп шықты.

Соңғы жаңалықтар