Қоғамдық келісім кеңестерінің әлеуетін әлеуметтің әл-ауқатын көтеруге жұмсау керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласындағы Достық үйінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім кеңесінің қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартудағы рөлі» республикалық форумында жалпыұлттық диалогты жолға қою жолдары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форум аясындағы дөңгелек үстелде бас қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Парламенті депутаттары, Ассамблея кеңесінің, Қоғамдық келісім кеңестерінің, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен этно-мәдени бірлестіктер өкілдері халық тұрмысының сапасын жақсарту жөніндегі мәселелерді талқылап, қоғамдық келісім Кеңестерінің рөлін арттыру, жалпымемлекеттік міндеттерді шешу жолдарын сарапқа салды.

Бүгін форум тақырыбына тұздық болған күн тәртібі Президент Жолдауында маңыздылығына мән артылған мәселелер мен тапсырылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатынан туындайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тұрақтылығы мен дамуы үшін қоғамдық диалог алаңдарының жұмысын жандандырып, өзектілігі мен белсенділігін арттыруды тапсырған болатын. Форум барысында сөз алған қабылдаушы тарап, Алматы қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бақытжан Сағынтаев осы мақсатта оңтүстік астана бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып өтті. Сондай-ақ, қоғамдық келісім кеңестерінің аймақта атқарып отырған жұмысына оң баға берді.

«Президент өз Жолдауында қоғам назарын әр адамды алаңдататын маңызды мәселелерге аудартып қана қоймай, оны шешу жолдарын да ұсынды. Бұл Қазақстан азаматтарының заңды мүдделері мен құқығын қамтамасыз ету жолындағы батыл қадам болды. Президент Жолдауы экономикалық және әлеуметтік теңсіздікті жойып, әлеуметтік әділеттілік принциптерін үстем етуге және ең бастысы, еңбекке ынталандыруға жағдай туғызуға бағытталған», - деген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев Ол Жолдаудан туындайтын түйін, азаматтардың өз мәселесін өзі шешу мүмкіндіктерін арттыруға жағдай жасау керек деді.

«Бүгінде Ассамблея алдында Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауынан туындаған ауқымды міндеттер мен мақсаттар тұр. Соның бірі, жалпыұлттық қоғамдық диалогты жолға қою – Ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңестерінің басты мақсаты болмақ», - деген Жансейіт Түймебаев.

Ол Қоғамдық келісім кеңестерінің ауқымын кеңейту арқылы, оған халықтың басым бөлігінің қатыстырылуын қамтамасыз ету керек, бұл халық ішінен мұқтаж жандарды тауып, олармен тікелей жұмыс жасауға мүмкіндік береді деп атап көрсетті.

Санды сарапқа болсақ, бүгінде ел ішінде Ассамблеяның 23 мыңнан астам адам топтасқан 2 786 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасауда. Оның ішінде 14-і облыс орталықтарында, 3-уі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, 42-сі қалаларда, 167- аудандарда, 2426-ы – ауылдық жерлерде, сондай-ақ, 134-і мекеме-кәсіпорындарда құрылған.

Форум аясында қатысушыларға «Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы» көрмесі таныстырылды. Мұнда қатысушылардың назарына елдің әр аймағындағы қоғамдық келісім кеңестерінің атқарып отырған жұмыстары туралы ақпарат ұсынылды. Және Ассамблеяның бір шаңырағына біріктірілген барлық этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениетінен мағлұмат беретін тарих жәдігерлері мен қолөнер бұйымдарын ұсынды.

Сондай-ақ, форум барысында «Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысында медиативті технологияларды пайдалану» тренингі ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар