Қоғамдық бақылау туралы Заң тұрғындардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. Қазақпарат – Қоғамдық бақылау туралы Заң азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз етеді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 117-тармағын орындау аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын және онлайн-петиция институтын енгізу жөніндегі нормаларды қамтитын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын әзірледі. Министрлік Қазақстандағы халықаралық тәжірибені және қоғамдық бақылаудың қолданыстағы практикасын талдады. Қоғамды заң жобасын әзірлеуге кеңінен тарту үшін ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерінен, сарапшылардан, қоғамдық кеңестердің, ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды», – деді М. Қожахмет.

Оның айтуынша, азаматтық қоғам өкілдерінің заң жобаларын әзірлеудегі қоғамдық маңыздылығы мен қызығушылығын ескере отырып, министрлік сарапшылар қауымы арасында белсенді қоғамдық пікірталас пен талқылаулар ұйымдастырды. 600-ден астам азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен 30-ға жуық жария талқылау өткен.

«Қоғамның, сарапшылардың және мемлекеттік органдардың пікірін ескере отырып, заң жобасы әзірленді, ол Қазақстан Республикасында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Заң жобасының негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті М. Қожахмет.

Комитет төрағасының айтуынша, заң жобасында қоғамдық бақылау, объектілер мен субъектілер, қоғамдық бақылау формалары, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мүдделер қақтығысы ұғымдары айқындалған. Сондай-ақ, заң жобасында қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілері, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері айқындалады, қоғамдық бақылау нысандары бекітіледі, қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары және қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау жөніндегі нормалар реттеледі.

Қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің 2021 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, заң жобалары ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді. Заң жобаларын одан әрі талқылау Мәжіліс регламентіне сәйкес жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар