Қоғамдық бақылау: Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы санитарлық нормалар тексерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғамдық бақылау тобы мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері Есіл ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының №1 бөлімшесінде санитарлық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерінің айтуынша, ХҚКО №1 бөлімшесінде карантин кезінде жұмыс режимін бұзу байқалған. Яғни қызметкерлер маска тағу режимін бұзған, келушілер әлеуметтік қашықтықты сақтамаған. Ережені бұзу фактісін 2020 жылы 14 қазанда сағат 15:30-да жергілікті полиция қызметі анықтаған. Содан кейін жергілікті полиция қызметі әкімшілік құқықбұзушылықты Есіл ауданы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қарауына жіберген.


Есіл ауданы Халыққа қызмет көрсету орталығының №1 бөлімшесінің басшысы Нұрсұлтан Садыбеков жергілікті полиция қызметінің барлық ескертулері жойылғанын айтты.

«Бас мемлекеттік дәрігердің қаулысына сәйкес біздің ХҚКО бөлімшесінде мониторинг жүріп жатыр. Өткен жолы бұзушылықтар ішінара анықталды. Бүгін қоғамдық бақылау тобы СЭС өкілдерімен бірге қандай жұмыс атқарғанымызды көрді. Қазір барлық ескертулер жойылды. Екі сағат сайын біздің қызметкерлер маска ауыстырады, қолғап киеді. Тұрғындардан да санитарлық нормаларды сақтауды сұраймыз», - деді ол.


Қоғамдық бақылау тобының республикалық үйлестірушісі Саида Тәуекелева қоғамдық бақылаудың жазалаушы емес, ұсынымдық сипатта екенін атап өтті.

«Бүгін біз мобильді топпен, СЭС және әкімдік өкілдерімен бірге Есіл ауданының ХҚКО-на келіп түскен өтініштерді көруге келдік. Осыған байланысты, бұрын тіркелген ескертпелердің қаншалықты реттелегенін тексердік. Қазір барлық кемшіліктер жойылып, нормалар сақталғанын көріп отырмыз. Халық мұндай мекемелерге келгенде өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Ал біз өз жауапкершілігімізді ұмытпауымыз керек, азаматтарды барлық сақтық шараларын ұстануға шақырамыз», - деді Саида Тәуекелева.


Есіл ауданы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының хабарлауынша, талаптарды бұзған екі Халыққа қызмет көрсету орталығына 15 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

«Бүгін біз Халыққа қызмет көрсету орталығының №1 бөлімшесін Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысында жазылған талаптардың сақталуы бойынша – термометрия, маска режимі, әлеуметтік қашықтықты сақтау, еден белгілері және антисептиктердің болуын тексердік. Есіл ауданы бойынша 425-баптың бірінші бөлігі бойынша екі әкімшілік құқықбұзушылық қаралды. Екі ХҚКО-ға әрқайсысына 115 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жергілікті полиция қызметі Әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, хаттама жасады. Қазіргі уақытта ХҚКО-ның осы бөлімшесіндегі барлық бұзушылықтар жойылды. Кіреберісте байланыссыз термометрия жүргізіледі, қызметкерлер маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтайды. Санитарлық тораптарда да антисептиктер бар», - деп атап өтті Есіл ауданы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Қуанышбеков.


Оның айтуынша, көп жағдайда кәсіпкерлік нысандарында, мекемелерде маска режимі сақталмайды, жұмыс режимі бұзылады. Тамыз айынан бастап бүгінге дейін Есіл ауданы бойынша 150 нысанға 41 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.


Соңғы жаңалықтар