Қоғамдық бақылау: Елордадағы мектептер мен балабақшалар балаларды қабылдауға қаншалықты дайын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғамдық бақылау тобының мүшелері елордада кез келген уақытта кез келген мектепке немесе балабақшаға кіріп, қауіпсіздік ережесінің сақталу деңгейі мен санитариялық талаптардың орындалуын тексеріп жүр. Қоғамдық бақылаудың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша үйлестірушісі Вера Ким мұндайда кемшілігі көбірек анықталатын нысандар – жекеменшік балабақшалар екенін айтады. Коронавирус қаупі сейілмеген қазіргі уақытта астанадағы мектептер мен балабақшалардағы балалар қауіпсіз жағдайда ма? Мектептер оқушыларды қабылдауға қаншалықты дайын? Осы сұрақтар төңірегінде Вера Кимді әңгімеге тартып көрген едік.

«Өткен аптада қала ішіндегі мектептер мен балабақшаларға мониторинг пен түсіндіру жұмысын жүргіздік. Біздің алдымызға қойылған негізгі міндет – оқу орындарына қоғамдық бақылау жүргізіп, кемшіліктер анықталған жағдайда түсіндіру. Жалпы елордадағы қоғамдық бақылау топтары кез келген мектепке немесе балабақшаға кез келген уақытта, алдын ала ескертпей бара береді. Қатарымыздағы «Жастар саясаты» басқармасының өкілдері және санитариялық-эпидемиологиялық станция (СЭС) қызметкерлері тексеру жұмыстарын бізбен бірге жүргізеді. СЭС өз нормалары бойынша тексереді, яғни медициналық кабинеттерді, жуыну орындары мен дәретханаларды қарайды. Ал біз өз кезегімізде кез келген оқу орны бүгінгі таңда оқушыларды қаншалықты қабылдай алатынын бағамдаймыз. Балабақша немесе мектеп жеке бола ма, мемлекеттік бола ма – біз бәріне де бірдей мән беретінімізді айтып өткім келеді.

Сонымен қатар мониторинг барысында біз ешқашан кез келген мекемеге алдын ала ескертпейтінімізді айтып өтейін. Яғни кемшіліктер болған жағдайда бірден анықтаймыз.


- Қоғамдық бақылау өкілдері сонда нақты қандай талаптардың сақталуын қадағалап жүр?

- Ең алдымен оқу орындарында қауіпсіздік ережелері қаншалықты сақталғанын, антисептиктің бар-жоғын, әлеуметтік қашықтықтық қаншалықты сақталатынын, дене қызуын қарым-қатынассыз өлшеу аппаратының бар-жоғын тексереміз. Мектептегі кез келген кабинетке кіріп, оқу процесі қалай жүргізіліп жатқанын көреміз. Дене қызуын өлшеуге арналған журналға ерекше мән береміз. Қазір кез келген мектепте немесе балабақшада балалардың дене қызуының қанша екені көрсетілетін журнал болуы керек. Содан кейін оқу кабинеттерін желдету жиілігін де тексереміз. Әжетханада сабын мен санитайзердің бар-жоғын да қараймыз. Одан бөлек кез келген ондай әлеуметтік нысанда қосымша медициналық маска болуы керек. Оның да бар-жоғы да назардан тыс қалмайды. Әрбір екі сағат сайын балалар маскасын ауыстырып отыруы керек.

Өкінішке қарай балаларды балабақшаға немесе мектепке алып келетін ата-аналардың өздері маскасыз жүреді. Амалсыз ата-аналардың өзіне де кейде талапты түсіндіруге тура келеді. Жалпы біз өз жұмысымыздың барысында жазалау әдісін қолданбаймыз. Түсіндіру, ескерту арқылы нысандарды аралап жүрміз. Қандай да бір кемшілікті байқасақ, басшысына хабар беріп, тез арада кемшіліктің жойылуын талап етеміз.


- Қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізу барысында мектептер мен балабақшаларда көбінесе қандай кемшіліктер анықталып жатады?

- Өкінішке қарай кемшіліктер жоқ емес. Бір байқағанымыз балабақшалардан қарағанда мектептерде жағдай едәуір жақсы деуге болады. Әсіресе жекеменшік балабақшаларда кемшілік жетіп артылады. Нұр-Сұлтан қаласында жекеменшік балабақша көп. Олардың көбі тиісті талаптардың бәрін сақтамай жатады. Мәселен ол жерде персоналдың өзі де маскасыз жүруі мүмкін. Әлбетте маскамен демалудың өзі қиынға екенін түсініп отырмыз. Дегенмен ең бірінші орында балалардың денсаулығы тұруы керек. Сол секілді балаларды тамақтандырғанда аспаздар медициналық қолғапты кимейді.


Сонымен қатар кейбір мектептер немесе балабақшалардағы терезелер бөлмені желдетуге мүмкіндік бермейтінін көріп отырмыз. Осы кемшіліктердің бәрі жойылуы керектігі туралы кеңесті бердік.

- «Біз ешкімді жазалауға мақсат тұтпаймыз» деп қалдыңыз. Ал сіздердің қоғамдық бақылау жұмысын жүргізетін топтарыңызда жазалауға міндетті мемлекеттік органдардың мүшелері жоқ па?

- Біз топтарымыздың құрамында СЭС қызметкерлері бар. Әлбетте олар бір кемшілікті көрген жағдайда алғашында ескерту жасайды. Ал егер сол кемшілік жойылмаса тиісті органдарға хабар беріліп, олар шара қабылдайды.


- Яғни сіздер бір мектепке немесе балабақшаға кейде екінші немесе үшінші рет те барып, тексерулеріңіз мүмкін бе?

- Иә. Әлбетте. Міндетті түрде солай барамыз.

- Білуімше, коммерциялық нысандарды кез келген уақытта барып тексеру үшін прокуратурадан рұқсат болуы керек. Ал сіздер осы қоғамдық бақылау жұмысы барысында жекеменшік балабақшалар мен мектептердің иелері осы заңға сүйеніп, қандай да бір келіспеушілік туындап жатқан жоқ па?

- Дұрыс айтасыз. Дегенмен сіз айтып отырған жекеменшік балабақша да, мектеп те білім беру құрылымына жатады. Яғни ол жерде балалар тәрбиеленеді, оқиды. Бизнестен бөлек, қоғамның қауіпсіздігі де тұрғанын ұмытпайық. Мейлі ол бизнес болсын – оқу процесінің барлық талаптарына сай болуы тиіс. Біз бизнестің жай-күйін емес, оқу құрылымын тексеріп жүрміз. Әлбетте ол нысандарға прокуратура мен полиция департаментінің қызметкерлері тек шағым түскен жағдайда келіп тексере алады.


- Қоғамдық бақылау жүргізетін елордада қанша топ бар?

- Қоғамдық бақылау жалпы бүкіл Қазақстанда жүріп жатыр. Нұр-Сұлтанда бірнеше топ бар. Оның бірі гуманитарлық жүк мәселесімен, екіншісі дәріханалар мен медициналық ұйымдарды тексеруі мүмкін. Тағы бір топ оқу орындарына мониторинг жүргізеді. Төртіншісі базарлар мен сауда орындарына тексереді. Тексеруге арналған арнайы кесте бар. Яғни әртүрлі бағыттағы әртүрлі топ бар.

Егер Денсаулық сақтау министрі мәселен оқушылардың бәрі мектепте оқиды деп шешім шығарса, бізге тағы бір рет бүкіл білім беру нысандарын тексеріп шығуға тура келеді. Себебі мектептердің бәрі де көп оқушыларды қабылдауға дайын немесе дайын емес екенін білуіміз керек. Осы қоғамдық бақылаудан жинақталған материалдардың бәрін де, айлық болсын, апталық болсын біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырамыз.

- Сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет.



Соңғы жаңалықтар