Клубтар арасындағы ӘЧ: «Реал Мадрид» чемпион атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Біріккен Араб әмірлігінде футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финалда Испанияның «Реал Мадрид» және Біріккен Араб әмірлігінің «Аль-Айн» командалары кездесті. Екі команданың аталмыш дода тарихында тұңғыш мәрте жолы түйісіп отыр.

«Реал Мадрид» командасы клубтар арасындағы әлем чемпионатына бұдан бұрын төрт мәрте қатысып, 2014, 2016, 2017 жылдарда чемпион атағын жеңіп алды. 2000 жылы төртінші орыннан аса алған жоқ. Олар бұл дүбірлі доданы 19 желтоқсанда жартылай финал кезеңінен бастады. Жартылай финалда Жапонияның «Касима Антлерс» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Ал «Аль-Айн» жарысты плей-офф кезеңінен бастады. Алдымен 12 желтоқсанда Жаңа Зеландияның «Тим Веллингтон» командасымен кездесті. Ол ойында негізгі кезеңде 3:3 есебі тіркеліп, жеңімпаз пенальти тебу арқылы «Аль-Айн» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Одан кейін араб футболшылары 15 желтоқсанда ширек финалда Тунистің «Эсперансын» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал 18 желтоқсанда жартылай финалда Аргентинаның «Ривер Плейт» командасымен негізгі кезеңде 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти тебуден жеңімпаз атанды.

Бүгінгі кездесуде «Реал Мадрид» өзінің тәжірибелі команда екенін жанкүйер алдында тағы бір мәрте дәлелдеді. Алдымен испаниялық клубтың жартылай қорғаушысы Лука Модрич есеп ашты. Қалған голдар екінші кезезңде соғылды. «Реал Мадрид» клубының тағы бір жартылай қорғаушысы Маркос Льоренте 60-минутта есепті үстемелесе, 78-минутта Серхио Рамос бұрыштамадан әуелете берілген допты баспен ұрып  қақпа торын бүлк еткізді. Алаң иелері де қарап қалғысы келген жоқ. «Аль-Айн» сапынан Цукаса Сиотани 86-минутта бір голмен жауап қайырды. Ал 91-минутта «Аль-Айн»  сапынан Яхия Надер өз қақпасына гол соғып алды. «Реал Мадрид» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.

Осылайша  «Реал Мадрид» команда тарихында төртінші мәрте футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.

Бүгін үшінші орын үшін сайыста Аргентинаның «Ривер Плейт»  клубы Жапонияның «Касима Антлерс» 4:0 есебімен жеңді. Осылайша өз жанкүйерлері алдындағы жартылай финалдағы жеңілісін жуып-шайғандай болды.

Соңғы жаңалықтар