ҚКХП Президенттің мәлімдемесіндегі айтылған міндеттерді сапалы орындауға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Коммунистік халық партиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 31 наурыздағы қазақстандықтарға қолдау көрсетуді қамтамасыз ету туралы мәлімдемесіне орай өз ұстанымын жариялады. «ҚазАқпарат» ХАА құжаттың толық мәтінін ұсынады.

Қазақстан Коммунистік халық партиясының Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 31 наурыздағы мәлімдемесіне қатысты ресми ұстанымын

Құрметті қазақстандықтар!

Қазақстан Коммунистік халық партиясы елдегі жағдайға алаңдаушылық білдіре отырып, Қазақстанның осы уақытқа дейін мұндай ауқымдағы індетке тап болмағанын жеткізеді. Құс тұмауы, шошқа тұмауы, SARS секілді індеттердің барлығы бізді айналып өтті. Бірақ бұл біздің Үкіметтің пандемияға қарсы дайындығының төмендігін ақтай алмайды. Дайындықтың төмендігі негізгі қызметтердің құрылымынан-ақ байқалып тұр.

Төтенше жағдайдан қорғауды үйлестіру жеке министрліктен комитет деңгейіне өтті. Бұл ретте уәкілетті орган орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін міндетті шешім қабылдауы керек!

Санитарлық-эпидемиологиялық қорғау функцияларын атқаратын жеке ведомства жоқ. Бұл функциялар Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне өткен.

Өкінішке қарай, тек қазіргі дағдарыс бізді пандемиямен күресіп жатқан

эпидемиологтардың, инфекционистердің, жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз екеніне назар аударуға мәжбүр етті. Бұл ретте басқа дәрігерлердің де мәртебесі мен материалдық жағдайы мәз емес екенін айта кеткен жөн.

Біз қазір ғана қарапайым қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмек шығара алмайтынымызға, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігінің барлық мәселелерін өз бетімізше шеше алмайтынымызға көз жеткіздік. Мемлекеттік материалдық резерв пен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары жанындағы тұрақтандыру қорларының нақты жағдайына шынайы баға бердік. Бәріміз осыдан оң қорытынды шығарамыз деп сенеміз!

COVID-19 індетіне шалдыққандардың көбеюіне байланысты қоғамда артып келе жатқан шиеленістер жедел және кешенді шешімдерді қажет етеді. Эпидемияға қарсы дайындықтың жоқтығы шикізат бағасын күрт төмендетіп жібергенін көрдік. Тиісінше, қоғамда қордаланған мәселелерді шешу барлығымыз үшін қымбатқа түсіп жатыр.

Қазақстан Коммунистік халық партиясы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қиын кезеңде халыққа қолдау көрсетуді қамтамасыз ету туралы мәлімдемесін қарастырып, қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтауды бірінші кезектегі міндет деп санайды. Сондықтан біз осы бағыттағы кез-келген іс-әрекетті қолдаймыз және алдағы уақытта осы ұстанымды ұстанамыз.

Айта кету керек, індет ошағында жүрген медицина қызметкерлері лайықты жалақы алатын болады. Медицина қызметкерлерін қолдау шаралары эпидемиядан кейін де жүйелі түрде жалғасын табады деп үміттенеміз. Бұл туралы коммунистер бірнеше мәрте мәселе көтерген болатын.

Біздің партия қазақстандықтарды қолдауға бағытталған кешенді шараларды толығымен қолдайды. Біріншіден, қолдау көрсетілетін адамдардың санын 1,5 миллионнан 3 миллионға дейін арттыру дұрыс деп санаймыз. Бұл біздің ресми статистика жұмыспен қамту және кірістер туралы нақты жағдайды көрсетпейді деген мәлімдемені растайды. Әлеуметтік жәрдемақы алу азаматтар үшін өте маңызды болғандықтан, мемлекет алушылар санына өзгеріс енгізді. Біздің «өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды» бизнесмендер қатарына мүлдем жатқызуға болмайды деген тезисіміз де расталды! Әрбір кәсіпкерде «қауіпсіздік жастықшасы» болады. Ал «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» адамдарда тек өмір сүруге деген мүмкіндік қана бар.

Жүз мыңдаған адам күнкөріс көзінсіз қалған кезде расталған кірістің болуына қарамастан, төлем алуға мүмкіндік беру оң шешім болды. Президент «жүз мыңдаған мұқтаж жандарды қауіпті жағдайда қалдыруға болмайды» деп дұрыс айтты.

Коммунистер зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыны және атаулы әлеуметтік көмекті 10%-ға индексациялауды құптайды. Мемлекеттің халыққа көрсететін осындай тікелей көмегі банктерге жасалған көмектен әлдеқайда жақсы. Сонымен қатар медициналық көмектің көлемін сақтандырудың бар не жоқ екеніне қарамастан 1 шілдеге дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл шара жыл соңына дейін созылады деп үміттенеміз. Өйткені пандемиядан кейін тұрғындар өмірін қалыпқа келтіруі керек. Бұл едәуір уақытты талап етеді.

Парламентте коммунистер халық игілігі үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамамасыз етудің мемлекеттік бағдарламасын, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамыту сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік көмек бағдарламасын және «Қарапайым заттар экономикасы» арнайы жобасын қабылдау мен ықпалдастыру қажеттілігін жүйелі түрде көтеріп келді. Мемлекеттің халыққа бөлетін бюджеттік қаражаты шетелдік фермерлер мен өңдеушілерді қаржыландырмай, керісінше экономикамыздың нақты секторын ынталандыруы керек!

Президенттің мәлімдемесінен экономикалық дағдарыстың күшеюі, әлемдегі пандемияға байланысты дүрбелең және Қазақстандағы төтенше жағдай дұрыс шешім қабылдауға алып келгенін көрдік. Карантин кезінде Президент отандық өндіріске назар аудара отырып, әлеуметтік осал топтарды қажетті өнімдермен және гигиена заттарымен қамтамасыз етуді тапсырды. Иммунитеттің әлсіреуі мен дұрыс тамақтанбау салдарынан халықтың әлеуметтік осал тобына үлкен қауіп төніп тұрғанын ескере отырып, жұмысы бола тұра, кедейлік шегінде өмір сүру жағдайымен күресу бағдарламасы іске қосылып, елдегі жұмыссыздықтың нақты деңгейі мойындалады деп сенеміз. Сондықтан біз тегін азық-түлік алатын қазақстандықтардың тізімін 800 мың адамға дейін ұлғайту туралы шешімді толығымен қолдаймыз.

Біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша «көтермелеу» ұсынысымен қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру шараларын бағаладық. Ең бастысы, бұл жобаны жүзеге асыру барысында қазақстандықтар үшін санитарлық жағдай лайықты болғанын қалаймыз. Эпидемияның жаңа ошақтарына жол бермеуіміз керек және оппозициялық партия ретінде біз жергілікті атқарушы органдарды Мемлекет басшысының мақсаттарын сапалы орындауға шақырамыз.

Коммунистер үнемі несие ұйымдары мен банктер мемлекеттің қолдауына қарамастан, қиын жағдайдағы адамдарды қудалайтынын Үкімет пен Ұлттық банктің есіне салып отырады. Бұл тәжірибені толығымен жою керек! Біз ақша, несие берушілерді тезге салуға бағытталған барлық шараларды толығымен қолдаймыз. Коммунистер коммерциялық банктер мен басқа қаржы институттары қоғаммен ынтымақтасып, әлеуметтік шиеленісті ушықтырмауы керек деп санайды! Егер олар өздерінің жауапкершілік деңгейін түсінбесе, оларға қатаң шара қолдану қажет!

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәлімдемесінің маңызды бөлігі егін егуді, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдауға қатысты болды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңге көлеміндегі көмек және жылына 5%-дық мөлшерлемемен 70 млрд теңге көлеміндегі көмек жақсы-ақ. Бірақ біз бұл қолдау шаралары нақты сектор үшін қаншалықты қолжетімді болатынына алаңдаймыз. Квазимемлекеттік сектордағы бірқатар сыбайлас жемқорлық жанжалдарынан кейін коммунистер дағдарыс жағдайында қаражат пен материалдық ресурстарды бөлу өте айқын болуы керек деп санайды! Экономиканың нақты секторындағы жұмысшылардың квазимемлекеттік даму институттары мен жергілікті атқарушы органдарға деген сенімін қалпына келтіру қажет. Осыған байланысты коммунистер түрлі ынталандыру шаралары туралы шешім қабылданатын әртүрлі комиссиялар мен комитеттерге өз өкілдерін жіберуге дайын!

Қазақстан Коммунистік халық партиясы Мемлекет басшысының мемлекеттік қолдау шаралары қазіргі жағдайға толық сәйкес келеді деп санайды. Коммунистер мемлекеттік әлеуметтік саясат Қазақстанның Конституциядағы әлеуметтік мемлекет болуға үміттендіретін нормаға жақындағанын қолдайды. Біз дағдарыс жағдайында көптеген дамыған экономикалардың өзінде әлеуметтік кепілдіктер қысқартылатынына куә болып отырмыз: медициналық сақтандыру полисі жойылды, әлеуметтік кепілдіктер төмендетілді. Бірақ Қазақстан конституциялық нормаларды ұстанып, халыққа және экономиканың нақты секторына мемлекеттік қолдаудың саны мен сапасын арттырады! Бұл үшін саяси ерік-жігер мен ресурс жеткілікті. Біз барлық қазақстандықтарды қазіргі қиын кезеңде бірлік пен жауапкершілік танытуға шақырамыз. Біз барлығымыз бірге болғанда ғана пандемияға, жаһандық экономикалық дағдарысқа және алдағы қиындықтарға қарсы тұра аламыз!


Соңғы жаңалықтар