Кірісін жоғалтқан азаматтарға берілетін төлем бойынша бұйрық бүгін шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай енгізу салдарынан кірісін жоғалтқан адамдарға төленетін қаражат мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы бүгін шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұйрықта төтенше жағдайлар кезіндегі әлеуметтік төлемдердің берілу ережесі көрсетіледі. Қайталап айтамыз, бұл төлемдер Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан төленеді», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар 24» арнасындағы онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында.

Дәурен Абаевтың айтуынша төлем 2 түрлі болады.

«Біріншіден, төтенше жағдайға байланысты ақысыз еңбек демалысына шыққандарға - оның көлемі айына 42 мың теңге. Бұл ұсақ, шағын және орта бизнестің қызметкерлері болуы мүмкін. Олар кейінгі жылы мемлекеттік қорға 3 рет аударым жасауы керек. Қажетті өтінімді жұмысшы емес, жұмыс беруші жасайды. Өтінімді аудандық және қалалық жұмыспен қамту штабтарына беру керек. Төлемдер төтенше жағдай аяқталғанша жүреді», - деді ол.

Төлемдердің екінші түрі – жұмыстан шығып қалғандарға қатысты. Олар төлемдерді 1 айдан 6 айға дейін алады.

«Төлемдердің көлемі айлықтың 40% құрайды. Өтінім берудің еш қиындығы жоқ. Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, арыз беру қажет. Арызды онлайн беруге болады», - деді Дәурен Абаев.


Соңғы жаңалықтар