Кинематография: Қазақ көрермені отандық өнімді көргісі келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта Парламент қабырғасында Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет әзірленген «Кинематография туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Мамандар бұл құжатқа кинематографияның дербес тынысын ашатын мәдениет саласындағы алғашқы заңнама деген баға беріп те үлгеріпті. Осы орайда аса күрделі әрі ауқымды заң жобасы ұлттық киноның ары қарай дамуы жолында түбегейлі өзгерістер алып келеді деген мақсат пен міндет белгіленген болатын. 

Сонымен, Үкімет жанынан коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанында Ұлттық киноны қолдау қорын құру Заң жобасының ең маңызды бөлігі болып отыр. Аталған ұйымның қызметі ең алдымен  кино өндірісіне,  ұлттық киноны прокаттау мен оны алға ілгерілетуге бюджеттен және бюджеттен тыс бөлінген қаражатты жинақтау мен бөлуге бағытталатын болады. Бұл халықаралық тәжірибе, осындай ұйымдар әлемдегі барлық алдыңғы қатарлы киноөндіруші мемлекеттерде жұмыс істейді. Қордың басты міндеті ашық конкурстың нәтижесі бойынша кино жобаларды қарау және іріктеу болады.  Питчингке барлық тәуелсіз киностудиялар мен продюсерлік орталықтар қатыса алады.

«Ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде прокатты қосқанда, барлық картиналар толық көлемде қаржыландырылады. Сәйкесінше, бұл шығарылатын картиналардың санын, сондай-ақ олардың нарықтағы коммерциялық ілгерілеуін айтарлықтай шектейді. Өйткені өндіруші, продюсер, шығармашылық топ өндіріс барысында өздерінің барлық гонорарларын алып қояды», - деді ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа кесте қаржыландыру көлемі бойынша фильмдерді айқын саралауға бағытталған. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар фильмдер сметалық құнының жүз пайызына дейінгі толық көлемде қаржыландырылады. Бірінші кезекте балаларға арналған, әлеуметтік маңызы бар, анимациялық және дебюттік картиналар қамтылады.

Бұдан бөлек, бірлесіп шығарылатын фильмдер немесе бірлескен өнімдер шетелдік кинокомпаниялармен оларды өндіру туралы тиісті келісімдерде көзделген шекте қаржыландырылады. «Ал барлық басқа да көпшілік, коммерциялық деп аталатын фильмдер ішінара инвесторлар мен жеке капиталды тарту шарттары арқылы 10-нан 70 пайызға дейін қаржыландырылады. Өтініштерді қарастырған кезде кино жобаны таңдау талаптарының бірі - өндіруші жағынан қаржылық қамтамасыз етілуі», - деді А. Мұхамедиұлы.

Белгіл болғандай, тиісті норма арқылы фильмдердің прокатын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру ескерілген. Бүгінде кино нарығында мониторинг процесінде мемлекеттің рөлі бір ғана функциямен шектелген, яғни көрсетілімге прокаттау куәлігін беру және оған жас индексін белгілеу.  Сонымен қатар, мемлекет аумағына кірізілетін фильмдердің саны, оларды көрсету жиілігі мен басымдықтарын анықтайтын ортақ база жоқ. Мұндай жағдай кино нарығында объективті көріністі қалыптастыруға және кинопрокат қызметінің нақты нәтижелерін көруге мүмкіндік бермейді. Ал ақпараттық жүйенің құрылуы өндірісті жүйелеуге жол ашады.

Айтпақшы, заң жобасында фильмдердің прокат тілі мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.

«Бүгінгі күні қолданыстағы «Мәдениет туралы» Заңның фильмдерді қазақ тіліне міндетті түрде дубляждауға қатысты бабы декларативті болып табылатыны белгілі. Елге 300-ге жуық шетелдік фильм әкелінеді және олардың барлығының прокаты қазақ тіліндегі нұсқасыз жасалады. Ол көптеген себептерге байланысты. Егер халықаралық тәжірибеге жүгінсек, Қытайда, АҚШ-та барлық фильмдерді түпнұсқа тілінен аудиторияның тіліне субтитрлермен қамтамасыз ету міндетті шарт. Сондықтан біз қазақ тіліне аударудың үш нұсқасын ұсындық - бұл дубляж, не субтитрлеу, не фильмдерді кадрдан тыс аударма жасау. Бұл жалға беру тілі бойынша нормаларды толыққанды іске асыруға мүмкіндік беретін ең қолайлы және тиімді тетіктердің бірі деп санаймыз», - деді ведомство басшысы.

Отандық фильмдер лап ете қалғалы тұр

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның пайымынша,киноның төңірегінде кешенді мәселелер жетерлік, бірақ түйткілді жағдайлар осы заң жобасында орнықты шешімін тапқан. Елімізге жыл сайын орта есеппен 300-ге тарта шетелдік өнім кіреді екен. Ал біздің өндіріп отырғанымыз осының 10 пайызының көлемінде, яғни 30-40 фильм шамасында. Бұл да соңғы жылдары жетіп отырған межеміз.

«Сол фильмдердің 20 пайызы - «Қазақфильмнің» өнімдері, қалған 80 пайызы - жекеменшік студиялардың туындылары. Демек, бізде жеке студиялардың әлеуеті бар. Оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау қарастырылып, прокаттық мәселе шешілетін болса, отандық фильмдер лап ете қалғалы тұр. Осы заң жобасы сол фильмдерді көрермендерге еркін жеткізудің жүйесін жасап беруі үшін әзірленіп отыр», - деді Бекболат Тілеухан.

Негізі, біздегі прокаттық компаниялар көп жағдайда қазақ киносына көз жұма қарайтыны жасырын емес. Сонда айтылатын аргументтерге тоқталсақ,  көбінесе фильм голливудтық стандарттарға сәйкес емес, тиісті дыбыс, түстер мен жарық секілді компонеттер сылтау болып жатады.  

«Бір кино табысты болды екен деп қазақ киносын голливудтық бәсекеге еркін жібере салуға болмайды. Отандық кино мемлекеттің қамқорлығында, қарауында болуы керек. Оны «Қазақфильм» өндіре ме немесе жеке студия өндіре ме - бәрібір. Жалпы, қазақ көрермені аш, олар өз өнімдерімізді көргісі келеді. «Ұлттық кино, ұлттық мәдениет тұрған жерде кей дүниелер ысырылып, оған орын беруі керек» деп сұрасақ, оның ешқандай сөкеттігі жоқ», - деп түйді депутат.

Шынымен де, кино өнімдері көркемөнер шығармалары бола тұра, ұлттың, елдің, мемлекеттердің тарихын, тағдарын, шежіресін суреттейтін, сондай-ақ адамзаттың санасына, дүниетанымына ықпал ететін өтімді күш әрі қару десек те артық айтқандық болмас. Біздің заманымызда мәдениет пен өнеркәсіп салаларын біріктіріп, ғажайып өнер өрісі болып отыр. Кино өзінің жасалып, жасақталу тұрғысынан да, қойылым, көрінісі жағынан да өнер және ең озық өнердің бірі. Біз әдетте көз алдымызға келген өнер өнімін қабылдаймыз да, оның қалай жасалғанын, біздің көңілімізге қонымды болуы жолдарын қалай жасақтағанын ойламаймыз да.

Депутат Қуаныш Сұлтановтың атап өтуінше,кино өндірісі - кәдімгі қаржы, бизнес, экономика және идеология. «Кинофильмнің жарыққа шығуы бар. Содан кейінгі кезеңде оның көрсетілімін ұйымдастырып, қалың елдің назарына жеткізілуі бар. Біздің осал жеріміз осы - екінші кезең. Яғни фильмдерді прокаттау, кинотеатрлар жұмыстарын ұйымдарып, халыққа көрсетілімнің сапасын көтеру мәселелері. Өкінішке қарай, еліміздегі арнайы кинотеатрлардың барлығы дерлік жекеменшіктің қолында. Олар біздің отандық кинолардан гөрі, ақша табу мақсатында әсіресе жастардың сана-сезімін улайтын шетелдік фильмдерді насихаттайды. Мәдениет министрлігінің оларға ешқандай ықпалы жоқ. Сөз жоқ, мұндай жағдайды өзгертуіміз қажет. Заң жобасында енгізіліп отырған фильмдердің мемлекеттік қорын құру туралы ұсынысты қолдай отырып, сол фильмдерді меншік түріне қарамастан, барлық кинотеатр және телеарналар көрсетуін міндеттеу қажеттілігі мемлекеттік идеологияның талабы болуы тиіс. Еңбексіз, оңай жолмен шетелдің ортаңқол фильмдеріне жастардың әншейін эмоциялық қызығушылығын пайдаланып, шетел фильмдерін дәріптеп ұсына береді. Бұл  - талғамсыздық. Мұны өзгертуге міндеттіміз», - деді халық қалаулысы.

«Қазақфильмді» жекешелендіру мүмкін бе?

«Қазақфильм» киностудиясы сатылып кетсе, мемлекет өз фильмдерін түсіру үшін, егер ол киностудия қалпын сақтап қала алса, ертең сол студияға ақша төлеп, жалға алатын болады. Немесе жаңа студия салу жолдарын қарастыруға мәжбүрлік туындайды. Ол туралы да қоғамда әңгіме жүріп жатқаны да белгілі. Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айында Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақфильмді» жекешелендіруге қарсы шыққан болатын.

Осы орайда Парламентте ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақфильм» киностудиясын жекешелендіру мәселесіне қатысты түсінік берді.

«Бұл мәселеге Мәдениет және спорт министрлігінен бөлек, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің де қатысы бар. Сәйкесінше, ведомстволардың өздерінде тиісті жоспарлары ескерілген. Олар мемлекетке түсіп тұрған жүктемені азайтып, осыларды жеке қолға беруге ниетті. Біздің мақсат - ұлттық құндылықтарды сақтап қалу. Олар бұл мәселелерге экономикалық тұрғыдан қараса, біз ұлттық мүдде ұстанымы аясында көзқарасымызды білдіреміз», - деп тоқталды А. Мұхамедиұлы.

Министр «Қазақфильмді» жекешелендіру мәселесі неліктен үнемі кейінге шегерілгенін, сондай-ақ не себепті нақты шешім қабылданбағанын түсіндірді.

«Кинематография туралы» жаңа заң жобасының әзірленуіне байланысты біз бұл мәселені кейінге шегеріп келдік. Осы заң қабылданғаннан кейін, «Қазақфильмді» жеке қолға беру бастамасының мәні болмайды», - деді ведомство басшысы.

Бұл тұрғыда киностудияны Арнайы экономикалық аймақ аумағы құрамына енгізу жоспарланып отыр. Осыдан кейін «Қазақфильм» жекешелендіруге жатпайды.

Қазақ киносының тынысы қандай?

Бірнеше жыл ішінде прокаттағы ұлттық киноның үлесі екі есе өсті, яғни 2014 жылғы 6 пайыздан 12,5 пайызға дейін. Соңғы үш жылда министрліктің тапсырысы бойынша 20 көркем, 67 деректі, 4 анимациялық картиналар шығарылды. Олардың барлығы еліміздің тарихы, мәдениеті, дәстүрі, қазіргі жетістіктері, тарихи тұлғалары, «біздің заманымыздың батырлары» туралы. Демек, тиісті нәтиже бар секілді. Жалпы, қазақ киносының белесіне тоқталса, 11 отандық фильм халықаралық фестивальдерде жүлде алды.

Атап айтар болсақ, осы жылдың ақпан айында шетелдегі қандастардың өмірін көрсеткен «Оралман» фильмі Непалдағы ХХІІ халықаралық кинофестивальде «Үздік халықаралық көркем фильм» жүлдесінің иегері болды. Сондай-ақ бұл туынды қырғызстандық «Ақ ілбіс» бәйгесінің екі бағыты бойынша жүлдегер атанды. Атап айтқанда, фильмдегі басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолда «Үздік актер» деп танылды. Сондай-ақ кинотуынды «Орталық Азиядағы үздік фильм» атағын иеленді.

Осыдан кейін наурыз айында Ақан Сатаев түсірген «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Йорк қаласында өткен «WeLink» Халықаралық кинофестивалінде «Үздік көркем фильм» аталымында жеңімпаз болды. Сол секілді сәуір айында Венера Қайыржанованың «Тығылмақ» фильмі V Халықаралық конкурс-фестивалінде дыбыстық әлеуетінің жоғары болғаны үшін Григорий Франк атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.

Адамдардың бірін-бірі бағалауынан, құрмет пен ізгілік сынды қасиеттерді бойға жинаудан асқан маңызды ештеңе жоқ екенін көрсетуге тырысқан Серік Әбішев пен Руслан Магомадовтың «Бір күні балалар үйінде» атты кинокартинасы Ресейде өткен «Свет миру» Халықаралық кинофестивалінде бас жүлде иеленді.

Сондай-ақ белгілі режиссер Талғат Теменов түсірген «Қаламыздың кішкентай ханзадасы» атты фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған Төлеубек Аралбаев «Үздік ер адам рөлі» үшін марапатталды. Бұл жүлде әртіске Циндао қаласында өткен ШЫҰ елдерінің Халықаралық кинофестивалінде табысталды.

Еске салсақ, 5 сәуір күні Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париж қаласында жеткен тұғырлы жеңісі туралы суреттейтін, голливудтық компаниямен бірігіп түсірілген «Әміре» фильмінің тұсаукесері сәтті өтті. Аталған фильм өте жоғары кәсіби деңгейде түсіріліп, тәжірибелі мамандар қолымен өңделген. Бұл кинотуынды да көрермендердің ерекше ықыласына бөленді деп әбден айтуға болады.

Алаш қайраткерлерінің тағдырын арқау еткен «Тар заман» телехикаясы биыл «Qazaqstan» ұлттық арнасында көрсетіліп, көпшіліктің оң бағасын алды. Ол 14 эпизодтан тұрады. Сонымен қатар аталмыш телехикаяның ықшамдалған нұсқасы фильм ретінде кинотеатрларда көрсетілді.

Мұнымен қоса, казақстандық актриса Самал Еслямова 71 Канн кинофестивалінде өз аталымы бойынша үздік деп танылғаны үлкен қуаныш сыйлаған болатын. С. Еслямова ресейік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасында басты рөлді сомдады. Соңғы мәліметтер бойынша бұл фильм «Оскар» сыйлығына үміткерлер тізіміне енді.

Соңғы жаңалықтар