Киіз үйге және «Салют-1» стансасына арналған коллекциялық монеталар шығарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық банк киіз үйге және «Салют-1» орбиталық ғарыш стансасына арналған коллекциялық монеталарды айналымға шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дала қазынасы» сериясының жалғасы ретінде KIIZ ÚI коллекциялық монеталары шығарылады. Оның номиналдары 5 000 және 500 теңге, күмістен жасалған.

Киіз үй – көшпелі түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін сақтаған, ұлттық қазына саналатын дәстүрлі қонысы. Ол адам мен дүниенің, күнделікті өмір мен мәдениеттің өзара байланысын бейнелейді.

Монеталардың аверсінде киіз үй мен дала кеңістігі бейнелерінің аясында Мемлекеттік елтаңба орналасқан, монеталардың номиналын білдіретін массасы 1 000 грамдық монетада – «5 000 TEŃGE» және массасы 31,1 грамдық монетада – «500 TEŃGE» деген жазу, сондай-ақ монеталар дайындалған металл, сынамасы мен салмағы туралы мәліметтер бар.

Монеталардың реверсінде киіз үйдің, оның ішкі жабдығының бейнесі мен көшпенді халықтардың этномәдени өмірін айқындайтын тұрмыстық заттар бейнеленген.

Монеталар интерференция құбылғыш бейнелеу және алтын жалату технологиясын қолдана отырып 925/1000 сынамалы күмістен жасалған, массасы – 1 000 грамм, диаметрі – 100 мм, сапасы – «proof», номиналы – 5 000 теңге, таралымы – 350 дана. Номиналы – 5 00 теңгелік монета интерференция құбылғыш бейнелеу және алтын жалату технологиясын қолдана отырып 925/1000 сынамалы күмістен жасалған, салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, таралымы – 5 000 дана.

SALIÝT-1 коллекциялық монеталарының номиналы 500 теңгелік тантал бар күмістен, номиналы 200 теңгелік мельхиор қоспасынан және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан жасалған. Ол «Ғарыш» сериясымен шығарылады. Монеталар Байқоңыр ғарыш айлағынан басқарылатын әлемдегі алғашқы «Салют-1» орбиталық ғарыш станциясының ұшырылғанына 50 жыл толуына орайластырылған.

Монета аверсінің орталық бөлігінде өткен мен бүгіннің байланысы ретінде адам мен ғаламның бірлігін білдіретін композиция бейнеленген.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ортасында «Салют – 1» орбиталық ғарыш станциясының бейнеленген. Айналдыра – монеталардың мемлекеттік тілдегі, орыс және ағылшын тіліндегі аты, сондай-ақ оқиғаның мерейтойлық датасын білдіретін «1971-2021» жазуы бар. Сол жағында – ғарыштан көрінетін Жер бетінің бейнесі. Төменгі бөлігінде - ағылшын тіліндегі BAIKONUR жазуы бар.

Монеталар массасы 41,4 грамм күмістен және танталдан (сақина – 925 сынамалы күмістен, массасы 14,6 грамм, диск – массасы 26,8 грамм танталдан) дайындалған, диаметрі 38,61 мм, «proof» дайындау сапасымен, номиналы 500 теңгелік, таралымы – 2500 дана;

МН 25 мельхиор қоспасынан дайындалған, массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, «proof-like» дайындау сапасымен, номиналы 200 теңгелік, дайындау таралымы – 10 000 дана;

МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан дайындалған, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, «uncirculated» дайындау сапасымен, номиналы 100 теңгелік, дайындау таралымы – 100 000 дана.

Бұл монеталардың барлығы олардың белгіленген құны бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және Қазақстан Республикасының барлық банктерінде аудару, ұсақтау және айырбастау үшін қабылдануға жатады.

Монеталар кәдесыйлық орамда шығарылады, олардың мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификаты бар.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты ақпарат Ұлттық банктің сайтында қосымша хабарланады.


Соңғы жаңалықтар