Киіктердің төлдеу кезеңінде зымыран бөліктерінің құлау ауданын пайдалану шектеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Байқоңыр» ғарыш айлағынан тасымалдағыш зымыранды әрбір ұшырған сайын жақын маңдағы елді мекендердің тіршілік ортасына гигиеналық баға беру жұмысы жүргізіліп отырады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін палатаның жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

«Тасымалдағыш зымыранды әрбір ұшырған сайын жақын маңдағы елді мекендердің тіршілік ортасына гигиеналық баға беру жұмыстары жүргізіліп отырады. Қоршаған орта нысандарының сынамалары алынып, тұрғындардың денсаулық күйіне скрининг жүргізіледі. Сонымен қатар, құлау ауданын пайдалану кезінде жануарлар мен өсімдіктер әлеміне жыл сайын мониторинг жүргізу көзделіп отыр», - деді Б. Мусин.

«Табиғат қорғау ұйымдарының киіктердің төлдеу және құстардың ұя салу кезеңінде құлау ауданын пайдалануды шектеу туралы талаптар орындалады. Яғни сәуір мен маусым айлары аралығында тасымалдағыш зымырандар ұшырылмайды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар