Киіктерді атқан екі азамат 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды

None
None
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы киіктерді заңсыз аулағандары үшін екі азаматты сотқа берді.

Бұл ақпаратты ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратып отыр.

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының екі тұрғыны 16 калибрлі аңшы қаруымен 4 киік атып алған. Олардың мемлекетке келтірген шығыны бір миллионнан астам теңгені құрайды.

Алдын ала тергеу барысында аудан прокуратурасы қылмыстық қудалау органына қылмыс кезінде келтірген шығынды қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдау туралы жазбаша тапсырма берген. Ағымдағы жылы ақпанның 3-інде Жәнібек аудандық сотының үкімімен аталған екі азамат ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес 2 жыл сынақ мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

«Мемлекетке келтірілген 1 036 800 теңге көлеміндегі шығынның орны толығымен өндіріліп, қылмыстық жолмен алынған мүлік пен қылмыс құралы мемлекет пайдасына алынды», делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң аулау шаруашылығы комитеті төрағасының 2005 жылғы бұйрығымен киіктерді аулауға тыйым салынған. Бұрнағы жылдары елімізде 1 млн. 200 мыңнан асатын киік саны соңғы жылдары күрт құлдырап, 21 мыңға дейін азайып кеткен болатын. Мемлекет тарапынан қабылданған іс-шаралар нәтижесінде соңғы 5 жыл көлемінде бөкендер санының тұрақты артуы байқалып отыр. 2009 жылғы есепке қарағанда, бұлардың саны 81 мыңға дейін жеткен.

Соңғы жаңалықтар