Киев тұрғындары екі жылдан бері қазақ тілін үйреніп жүр

None
None
КИЕВ. ҚазАқпарат - Украинада еліміздің Тәуелсіздік күніне орай қазақ тілі сабағы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Бұл – Киев қаласындағы «Достық» мәдени орталығының бастамасы. Мұндағы қазақ тілін үйреніп жүрген Украина азаматтары мен Киевтегі қазақ диаспорасының өкілдері қазақ елін тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.

Александр – аптасына бір рет өтетін қазақ тілі курсының оқушысы. Украина азаматының қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Бұл сабақты екі жыл бойы Киевтегі «Достық» мәдени орталығы ұйымдастырып келеді.

«Бүгінгі сабақ Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналды. Қазақстанды егемендігімен құттықтаймын. Екі халық арасында достық арта берсін, жамандық болмасын», - дейді Киев қаласының тұрғыны Александр Базарный.

«Әліппе» және қазақ тіліне қатысты әдебиеттің көп бөлігін «Достық» мәдени орталығы Қазақстанның Украинадағы елшілігінен алған. Болашақта кітап қорын кеңейтіп, туған тілге қатысты қосымша сабақты мәдени орталық Қазақстанмен онлайн байланыс арқылы алуды жоспарлап отыр.

«Бұл жерде тек қазақтар ғана емес, өзге ұлттың өкілдері де бар. Украина халқының азаматы да құлшынысын танытып, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін білдіріп, үйреніп жүр. Әр сенбі сайын біз осында бас қосамыз. Тұрақты он қандасымыз келіп, қазақ тілінің тарихын, салт-дәстүрін, қазақтан шыққан ғұлама азаматтар жөнінде мағлұмат алады. Мұны олар ғана емес, сонымен қатар балаларымыз - өскелең ұрпақтың да бойына сіңіруге тырысамыз. Біз тарихи Отанымыздан алшақта жүрсек те, өзіміздің ана тілімізде сөйлеуге, салт-дәстүрімізді қастерлеп қадірлеуге, тарихымызды білуге өзіндік септігімізді тигізіп жатқан жайымыз бар», - дейді «Достық» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Батыр Ниязбеков.

Қазақ диаспорасы бас қосқанда мол дастархан жайылады. Бүгін де ұлттық тағам түрлері үстел ажарын аша түсіпті. Төрде туымыз ілініп тұр. Ең бастысы, мұнда қазақ диаспорасының өкілдері бір-бірімен ана тілінде сөйлеседі. Бір сәт халық әніне де орын беріп, арна арқылы елге ыстық сәлемін жолдайды.

Соңғы жаңалықтар