Киелі орындарды аралайтын экспедиция сапарын Ұлытаудан бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 маусым күні Қазақстанның киелі орындарын аралайтын Қазақ ұлттық географиялық қоғамының «Киелі Қазақстан» экспедициясы алғашқы сапарына аттанады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы QazaqGeography қоғамының заңгері, QazaqGeography «Киелі Қазақстан» экспедициясының басқарушысы Жанат Айтхожин Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.

Оның айтуынша, «Киелі Қазақстан» экспедициялар циклының 10 күнге созылатын алғашқы сапары Ұлытаудан басталады. Астанадан автокөлікпен шығатын саяхатшылар Ұлытауға, Ұлытаудан Аралға, Аралдан Маңғыстау өңіріне бет алады.

«Қазақстанның киелі орындарын зерттеу - Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің бірі екені белгілі. Осыған орай, экспедициялар циклын ұйымдастыруды қолға алдық. Яғни, алғашқы сапарда Батысқа сапарлап, әрі қарай тұтас Қазақстанды аралаймыз», - деді «Киелі Қазақстан» экспедициясының басқарушысы Жанат Айтхожин.

Сонымен бірге, Ж. Айтхожин көптеген киелі орындардың қараусыз қалғанын, инфрақұрылымның жоқтығын, әр нысанның жай-күйін саралау қажеттігін баса айтты.

«Көптеген орындардың қараусыз қалғаны жасырын емес. Кейбіріне барар жол жоқ, инфрақұрылым жасалмаған. Біздің экспедицияның тағы бір міндеті - нысандардың туристік әлеуетін бағалау», - деп толықтырды ол.

Экспедиция құрамына тарихшылар, өнертанушылар, журналистер және түсірілім тобы енген. Сапар аяқталған соң экспедиция туралы ғылыми-көпшілік фильм түсіру жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар